Арыстағы жарылыс: Шымкенттіктер көмекке зәру жандарға қол ұшын беруде

1811

Бүгінде Шымкентте Арыстағы жарылыстардан бас сауғалап келген азаматтарды арнайы қабылдайтын 15 бекет жұмыс істеп жатыр. 

Арыстағы жарылыс: Шымкенттіктер көмекке зәру жандарға қол ұшын беруде Фото: Арай Есенбек

24 маусым күні кешкі сағат 18:00- дер шамасында  Шымкентке Арыс қаласы мен Ордабасы ауданынан кірер Темірлан тас жолының бойында бір топ жігіт баклашкалармен қолдарына су ұстап жол бойында тұрды. Сырттай бір қарағанда аптап күннің ыстығында көлік жүргізушілерге салқын суды саудалап тұрғандарға ұқсайды. Алайда қастарына жақын келе, "Арыс, Арыс" деп айқайлағанын естіп, Арыс қаласындағы жарылыстардан бас сауғалап қашып келе жатқандарға нан мен су ұсынып тұрғанын аңғардық.

Сұрастыра келе, ауыз су мен нанды өз қаржыларына сатып алып, Арыстық ағайынға қол ұшын беріп жатқан еріктілер екенін білдік. Олардың бірі маңайдағы Жаңа талап елдімекеніндегі мешіттің жамағаты болса, енді бірі Темірлан тасжолының бойында орналасқан сауда орындарының қызметкерлері екен.

"Таңнан бастап осы жолдың бойында көлік кептелісі пайда болып, адамдар көбейді. Арасында біреулері бала-шағасын жоғалтып жылап жүрді. Сұрастыра келе, Арыс қаласында бомба жарылғанын білдік. Содан әріптестермен бірге ақша жинап, су, нан сатып алып таратуға бел будық", – дейді Берік Төлегенов есімді азамат.

Бүгінде Шымкентте Арыстағы жарылыстардан бас сауғалап келген азаматтарды арнайы қабылдайтын 15 бекет жұмыс істеп жатыр. Олардың дені қаладағы мешіттер мен мектептерде орналасқан. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы хабар естіген қала тұрғындары қаржылай ақша аударып, киім-кешек беріп, тамақтар әкеліп жатыр. Ал, шымкенттік кәсіпкер Қайрат Молдасейтов, өз қалтасынан көмекке мұқтаж жандарға 10 миллион теңге бөліпті. 

Жалпы Шымкентке келіп, арнайы бекеттерге орналасқан адамдар саны 1070-ке жеткен. Оның 304-і балалар. 15 бекеттің бəрінде балалар ата-анасымен қауышқан. Еріктілер түнімен оларға көмек көрсетуін тоқтатқан жоқ. Тіпті, кей азаматтар 2-3 отбасыдан бөліп алып өз үйлеріне жайғастырған да екен.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу