Арыстағы жарылыста зардап шеккендердің саны артып келеді

4000

Қазірге дейін зардап шеккендер саны шамамен 40-тың үстіне шығып отыр.

Арыстағы жарылыста зардап шеккендердің саны артып келеді

Арыс қаласында орын алған жарылыс салдарынан зардап шеккен 11 азамат Шымкенттегі емдеу мекемелеріне жеткізілгені жөнінде Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеген болатын. Алайда, арадан көп уақыт өтпей, жергілікті "aigak.kz" сайты қаладағы №1  клиникалық аурухананың өзіне 19 азаматтың жеткізілгені жайлы жазды.

Бұдан бөлек, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі, Арыстағы әскери базада болған жарылыстан жарақат алған 23 адам облыстың ауруханаларына жеткізілгенін мәлімдеді. Демек қазірге дейін зардап шеккендер саны шамамен 40-тың үстіне шығып отыр.

Сонымен қатар, төтенше жағдай орын алғаннан кейін таңғы 11-лер шамасында Ордабасы аудандық орталық ауруханада медициналық штаб құрылып, мұнда да зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр.

"Қазір бізде 5 науқас келіп түсті. Олардың жағдайлары қалыпты. Оның ішінде екеуі әскери қызметкер. Біреуінің аяғы сынған, енді бірінің денесінің 14 пайызын күйік шалған. Үшіншісі, қария кісі екен. Оның қорқыныштан қан қысымы көтерілген. Төртіншісі, Арыстың перзентханасында босанғанына енді бір күн болған екен. Ол әйелге біздің қызметкерлер күтім жасап жатыр. Әзірге ауыр жарақаттанған балалар мен аяғы ауыр әйелдер жоқ. Біз төтенше жағдайдан зардап шеккендерге арнап жүз төсек орнын дайындап отырмыз. Барлық мамандар сақадай сай. Үш бригада қазір қабылдау бөлімінде жұмыс істеп жатыр. Құрамында хирург, травматолог, реаниматолог, психолог бар. Медициналық көмекке 100 пайыз дайынбыз. Дәрі-дәрмек пен жағармайдан тапшылық жоқ. Қажет болған жағдайда қосымша мамандар тартатын боламыз",- дейді Ордабасы аудандық ауруханасының бас дәрігері Бахытжан Мырзагелиев.

Мұнан өзге, эвакуация кезінде ата-ана баласынан, сәбилер әке-шешесінен, туған туысынан ажырап қалған жағдайлар орын алған. Осы орайда, оларды бір-бірімен табыстыру үшін әлеуметтік желілер арқылы іздеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұнан бөлек, Түркістан облысының аудандары мен Шымкент қаласындағы арыстықтар тоқтаған мекемелерде олардың электронды тізімі жасалуда. Мамандар сол тізімнің де іздестіру жұмысына көп көмегі тиетініне үмітті.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу