Арыстан Павлодарға тағы 171 бала келді

2636

Бұл жолы арыстық оқушылар пойызбен жетті.

Арыстан Павлодарға тағы 171 бала келді

Бүгін таңертең павлодарлықтар облыс орталығының теміржол сапаржайында Арыста білім алатын 171 бала мен 9 тәрбиешіні қарсы алды.

"Кейбір достарым Павлодарға осыдан екі апта бұрын кетіп, күнде Баянауылда демалып жатқан суреттерін жолдайды. Оларға қарап қызығып, мен де осы өңірге келуді қаладым. Оған қоса, анамды тәрбиеші ретінде жіберетін болды. Сөйтіп, анам, алты жасар інім Нұрдәулет үшеуіміз Павлодарға алғаш рет келдік", - дейді Нұрбақыт Тортай.

Арыстық 100 оқушы 15 күн бойы Ақсу қаласындағы "Ферросплавщик", 71 бала Шарбақты ауданындағы "Чайка" лагерьлерінде демалады. Десе де, облыс басшылығы Ертіс-Баян өңірінің барлық тарихи, көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

"Балаларды екі топқа бөліп, әр түрлі лагерьлерге жібереміз. Олар екі апта аралығында жақсы демалып, уақыттарын қызықты етіп өткізуі үшін барлық жағдай жасалады. Сонымен қатар, арыстық оқушылар біздің аймақ туралы мол мағлұмат білуі мақсатында басқа да тарихи жерлерге апару ойда бар. Мәселен, Баянауыл ауданындағы музейлерге, Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдеріне, облыс орталығындағы мәдени орындарға экскурсия демалыс бағдарламасына қосылады", - дейді облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов.

Айта кетелік, арыстық оқушылардың алғашқы легі 27 маусым күні ұшақпен келген болатын. Олар қазіргі уақытта Баянауыл ауданындағы "Жас дәурен" лагерінде демалуда.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу