Арзан мұнай ел бюджетінің құтын қашырып тұр

2898

Шілде айында қазынаға жоспарланған кіріс көлемінің 0,5 трлн теңгесі  түспей қалды.  

Арзан мұнай ел бюджетінің құтын қашырып тұр

2017 жылдың 1 тамызындағы дерекке сүйенсек, мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы 94,5%-ды құрады. Ал жоспарланған көрсеткіш 7,425 трлн теңге болды. Басқаша айтсақ, жеті айдың қорытындысы бойынша түсім тапшылығы шамамен 411 млрд теңгені құрады. Бұл ретте, abctv.kz E-Minfin-нің айлық көрсеткіштеріне сүйене отырып, шілде айындағы негізгі негативтің қалыптасуына жоспарланған кіріс бөлігінің 491 млрд теңге көлемінде орындалмауы себеп болды деп ұйғарды.  

Еліміздің қаржы министрлігі ұсынған көрсеткіштерге сүйенсек, шілде айында жоспар бойынша мемлекеттік бюджетке 2,496 трлн теңге түсім түсуі тиіс еді. Ал нақты көрсеткіш 2,005 трлн теңгені құрады. 453 млрд теңгеден астам қаржы Ұлттық қордан ел бюджетіне аударылмаған. Жоспар бойынша 2,046 трлн теңге аударылуы тиіс еді. Ал  нақты көрсеткіш 1,59 трлн теңгені құрады.

Ұлттық қордан аударылған 1,59 трлн теңгенің 1,14 трлн теңгесі мақсатты бағытқа жұмсалса, 450 млрд теңге кепілдікті трансферт желісі бойынша бөлінді. Шілде айының басында "Қазақстан халық банкі" АҚ "Қазкоммерцбанк" АҚ-ын сатып алу шараларын аяқтады. Мұндағы негізгі шарттың бірі "ФПК" АҚ-ның БТА-дағы 2,4 трлн теңге көлеміндегі проблемалық қарызын өтеу болды. Министрлер кабинеті бұл келісімді жаңа мемлекеттік қарызды шығарып, Ұлттық қордан бөлінетін транш көлемін 1 трлн теңгеден 1,1 трлн теңгеге дейін ұлғайту жолы арқылы қаржыландырды. 

Шілдеде Ұлттық қорға түскен салық түсімдерінің көлемі 43,7 млрд теңгені құрады. Бюджет траншының негізгі бөлігі (1,59 трлн теңге көлемінде) Ұлттық банк басшылық жасайтын қордың сыртқы активтерінің есебінен жүзеге асырылды.  

Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, Ұлттық қордың сырты активтері 6,92%-ға немесе 4,3 млрд долларға қысқарып, 57,878 млрд долларды құраған. Бұл жерде 4,305 млрд долларды 1,593 трлн теңгеге айырбастағандағы шартты бағам 370 KZT/USD құрады. Теңгенің долларға шаққандағы орташа айлық бағамы 2,16%-ға әлсіреді. Яғни 1 доллар 325,31 теңгеге дейін жетті. Айырбастау кезіндегі теңге бағамының әлсіреуінің бірден-бір себебі – Ұлттық қор есебінен инвестицияланған активтер және бағалы қағаздар портфелі бойынша инвестициялық кіріс құнының өсуі болды.

Ұлттық банктің алдын ала көрсеткіштеріне сүйенсек, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы Ұлттық қордың сыртқы активтерін басқарудан түскен инвестициялық кіріс көлемі 2,4 млрд долларды құрады. Ал қаржы министрлігінің дерегі бойынша, теңге эквивалентіндегі инвестициялық табыс көлемі 784 млрд теңгеге тең болды.

Қазынаға Ұлттық қор қаражатының кем түсуінен бөлек, шілде айында нақты қазыналық кіріс жоспары да әжептәуір төмендеді. Дәлірек айтсақ жоспарланған 417, 8 млрд теңгенің 6,86% -ы немесе 28,6 млрд теңгесі кем болған. Негізінен жоспар жергілікті бюджет есебінен орындалмаған. Бұл  шамамен 20 млрд теңге. 

Шілде айында ел бюджетіне салық түрінде 255,9 млрд теңге түсім түскен. Бұл еліміздің басты қаржылық құжатындағы көрсеткіштен 3,26%,-ға немесе 8,6 млрд теңгеге кем. Бюджеттің кіріс бойынша орындалмауына халықаралық сауда мен сыртқы операциялардан түсетін түсімнің төмендеуі негізгі себеп болды. Кірістің орындалмауының негізгі бөлігі кедендік төлемдерге де тиесілі болды.

2017-2019 жылдарға арналған ел бюджеті мұнайдың бір баррелі 50 доллар және айырбастау бағамы 330 KZT/USD көлемінде бекітілген. 2017 жылдың қаңтары мен мамыр айлары аралығында Brent сұрыпты мұнай бағасы бір баррелі 50 доллар көлемінде бекітілген бюджеттік шектен жоғары болды. Экспорттық-кедендік баж салығы үдемелі сипат танытып, айына бюджетке орташа есеппен 66,73 млрд теңге түсім түсірді. Маусым айында "қара алтынның" бағасы барреліне 47,58 долларға дейін төмендеді. Бұл өз кезегінде экспорттық-кедендік баж салығынан түсетін түсімнің азаюына алып келді. Яғни бұл айда салықтан түсетін түсім 59,5 млрд теңгеге дейін қысқарды. Шілдеде Brent сұрыпты мұнай бағасы барреліне 48,88 долларға дейін өсті. Шілдеде экспорттік-кедендік баж салығынан бюджетке қанша түсім түскендігі туралы нақты дерек жоқ. Бұл дерек тек қыркүйек айында ғана белгілі болады.  

Өткен айда бюджетке түскен салықтық емес түсім көлемі 19,25 млрд теңгені құрады. Бұл күтілген нәтижеден 18,5%-ға немесе 4,4 млрд теңгеге төмен. Шілдеде мемлекеттік қазынаның негізгі капиталды сатудан түсетін көрсеткіші жоспардағыдан 28,7%-ға төмен болып шықты. Жоспар 4,55 млрд теңге еді. Орындалғаны - 3,24 млрд теңге.

Қаңтар-шілде айларында салықтық, салықтық емес түсімдері және негізгі капиталды сатудан мемлекеттік бюджетке түскен кіріс 3,6 трлн (жоспар 2,4%-ға артығымен орындалды) теңгені құрады. Тиісінше 178,1 млрд теңге (екі есе артығымен орындалған) және 31 млрд (31,3%-ға артығымен орындалған) теңге.

Гүлназ Ермағанбетова, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу