Асанәлі Әшімов пен Досхан Жолжақсынов киносарапшылар құрамынан шығарылмақ

27271

Қандай киноны мемлекет қаржыландыратынын анықтайтын құрылымнан корифейлер шығарылатын болды.  

Асанәлі Әшімов пен Досхан Жолжақсынов киносарапшылар құрамынан шығарылмақ

Қазақстанда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының сараптама кеңесі құрамы қайта қаралып, толық дерлік жаңартылмақ.

Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігі түсініктеме берді.

Жаңа құрам "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын құру туралы" Қазақстан Үкіметінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №113 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" жаңа қаулымен қабылданатын болады. Тиісті жобаның егжей-тегжейі жарияланды.

Мәселен, құзыры кең, бюджеттік миллиардтарды үлестіретін бұл орган құрамынан бір топ белгілі тұлғалар шығарылатыны анықталды. Атап айтқанда, Қазақстанның Еңбек Ері, халық әртісі Асанәлі Әшімов, актер, продюсер, сценарист, халық әртісі Досхан Жолжақсынов, продюсер, кинорежиссер Ахат Ибраев, режиссер, сценарист Алексей Каменский, кинорежиссер, кинодраматург Бақыт Ғафуұлы Қайырбеков, театр режиссері, философия докторы Асхат Маемиров ұлттық киножобаларға қаржы бөлу бойынша шешім қабылдаудан алыстатылды.

Бұл ретте Үкімет қаулысы жобасына ілеспе кестеде Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов олардың әрқайсысының кино ұйымы құрамынан  шығарылуының өз себебі барлығын түсіндіреді.

Асанәлі Әшімов, Досхан Жолжақсынов, "денсаулығына байланысты" орталық құрамынан шығарылмақ. Кейінгі кезде Ермек Тұрсыновпен арасында жанжал туып жүрген 32 жастағы Ахат Ибраевтың да денсаулығы жарамайтыны көрсетілген.

Бұған дейін Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті болған Серік Жұбандықов қызметінен кеткендіктен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының мүшесі болудан қалмақ.

Бақыт Қайырбековтың кету себебі де осыған ұқсас, "басқа жұмысқа ауысуына байланысты". Бақыт Ғафуұлы биылғы жыл ортасына дейін Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ президенті лауазымын атқарғаны мәлім. 2019 жылғы 12 тамыздан бастап, оның орнына актер, продюсер Арман Әсенов президент болып келді.

Асхат Маемировтің кеңес құрамынан алып тасталуына да "басқа жұмысқа ауысуы" себеп көрінеді. Ол 2018 жылғы 15 қарашада Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалған. Алайда 2019 жылғы 29 тамызда оны бұл қызметте Алматы облысы әкімінің орынбасары, әнші-аспапшы Ақан Абдуалиев алмастырды.

Сонымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жанындағы сараптама кеңесінің жаңа құрамына кімдер кірмек?

Мәдениет және спорт министрлігінің дерегінше, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы, кинорежиссер Ермек Тұрсынов, сценарист, мультипликатор Салтанат Дүнгенбаева, режиссер, сценарист Лейла Аранышева, продюсер Анар Қашағанова, режиссер Серікбол Өтепбергенов, кино сыншы Олег Борецкий, кинорежиссер, продюсер Фархат Шәріпов, режиссер, монтаждаушы Дамир Айникеев ұсынылып отыр. 

Мәдениет және спорт министрлігі бұл өзгерістер "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жанындағы сараптама кеңесінің құрамын жетілдіру және өзектендіру мақсатында" жасалып отырғанын хабарлады.

2019 жылға дейін киноға бағытталған барлық мемлекеттік қаражат "Қазақфильмге" құйылып келді. Ал биылдан бастап, ұлттық фильмдерді қаржыландыру моделі өзгеріп отыр. Осы мақсатта Үкімет жанынан Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды. Барлық бюджеттік және бюджеттен тыс қаржы осы мекеме қолында шоғырланады. Прокатпен, көрсетіліммен және ары қарай ілгерілетумен де осы орталық айналысады.

Ұлттық киноны қолдау қоры ретінде ол алдымен киножобаларға ашық конкурс жариялайды. Питчингке, яғни инвесторлар тарту бойынша жобаны презентациялауға барлық тәуелсіз киностудия мен продюсерлік орталық қатыса алады.  

Ал құрамы аз ғана уақыт ішінде қайта жаңарғалы отырған сараптама кеңесі келіп түскен әрбір киножобаға қорытынды береді. Басқаша айтқанда, қай режиссердің не продюсерлік орталықтың жобасы бюджеттен қанша миллиард алатынын да кеңес мүшелері шешетін болады.

Мемлекет қаржыландырған кинотуынды прокаты табысқа жетсе, барлық түскен қаражаттың 20%-ы киноны қолдау қорына аударылуға тиіс.  

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу