Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram-арнасында жаңа Салық кодексінің жобасына енгізілген түзетулер туралы жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Түзетулердің бірінші бөлігі құмар ойындарға салынатын салықты көбейтуге қатысты.
"Құмар ойын бизнесі, әсіресе букмекерлік кеңселер, айтарлықтай қаржылық әлеуетке ие. Қазіргі Салық кодексі жобасында салық мөлшері 10% деңгейінде қарастырылған. Иә, бұл қазіргі деңгейден бірнеше есе жоғары, бірақ біз оны екі есеге арттырып, 20%-ға дейін көтеруді ұсындық. Бұл бюджетке қосымша жүздеген миллиард теңге түсім әкелуі мүмкін" , – деді мәжілісмен.
Екіншісі – банктер үшін КТС мөлшерлемесін арттыру.
Аймағамбетовтің айтуынша, Үкімет жобасында банктер үшін корпоративті табыс салығы (КТС) 25% деңгейінде белгіленген.
"Бірақ біз бұл мөлшерлемені 30%-ға дейін көтеруді ұсындық. Бұл әділ шара, себебі банк секторының пайдасы өте жоғары. Әсіресе, қаржылық қызметтердің қымбаттауы мен дивидендтердің бірнеше есе өсуін ескерсек. Бұл бюджетке қосымша табыс әкеледі.
Үшіншісі – алкоголь және трансмайларға акциз енгізу. Алкогольдік өнімдер бірінші қажеттілікке жатпайтын тауар болғандықтан, оған акциздерді арттыру қисынды деп санаймыз. Трансмайлар – арзан, бірақ өте зиянды, канцерогендік заттар. Оларды тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданады. Көптеген Еуропа елдерінің тәжірибесін ескере отырып, біз трансмайларға акциз енгізуді ұсындық. Бұл олардың қолданылуын азайтуға және өндірушілерді табиғи майларға көшуге ынталандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл бюджетке қосымша табыс әкеледі", – деп атап өтті депутат.
Бұдан бөлек түзетулердің бір бөлігі дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге ҚҚС енгізуге қарсы норма.
"Дәрі-дәрмектерге ҚҚС енгізу дұрыс емес, себебі бұл ең осал топтарға – зейнеткерлерге, балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға тікелей әсер етеді. Олай болса, дәрі-дәрмектер бағасы айтарлықтай қымбаттайды. Біз дәрі-дәрмектерді ҚҚС-тан босатуды көздейтін қолданыстағы норманы сақтап қалуды ұсындық.
ҚҚС енгізу азаматтар үшін, әсіресе зейнеткерлер мен мүгедектер үшін емдеу құнын арттырады. Бұл жағдай қолжетімділігі шектеулі медициналық қызметтерді одан әрі қиындатады. Сонымен қатар, біз медициналық қызметтер үшін КТС мөлшерлемесін төмендетуді ұсындық (қолданыстағы кодексте олар КТС төлемейді).
Банк операцияларына ҚҚС (НДС) енгізуді болдырмау. Үкіметтің банктік аударымдар мен басқа да банк операцияларына ҚҚС енгізу ұсынысы ақылға қонымсыз. Қазірдің өзінде банктер арасындағы аударымдар құны, ҚҚС енгізіледі деген болжаммен, өсіп жатыр (мысалы, Халық банктің картасынан басқа банктерге аударым 150 теңгеден 200 теңгеге дейін қымбаттады). ҚҚС қосылса, бұл банктердің емес, қарапайым азаматтардың шығындарын одан әрі арттырады. Біз бұл норманы қабылдамауды және негізгі қаржылық қызметтердің бағасының өсуіне жол бермеуді ұсындық", – деп түсіндірді ол.
Эндаумент қорлары әлеуметтік және білім беру саласындағы ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыруда маңызды рөл атқарады. Депутаттар қайырымдылыққа жұмсалған сомаларды салықтан босатуды ұсынды.
B2B мәмілелеріне арнайы салық режимі бойынша мөлшерлемені өзгертпеу, шығындарды оңтайландыру мәселелері де қамтылған.
"Салықты көбейту шығындар құрылымын қайта қараусыз мүмкін емес. Егер бюджет кірісімен байланысты проблемалар айқын болса, басымдыққа ие емес шығындарды оңтайландыру логикалық қадам болады. Мемлекет басшысы бұл туралы бұған дейін де тапсырма берген. Мемлекеттік органдарға әкімшілік ғимараттар салу, үлкен стадиондар мен концерт залдарын тұрғызу, имидждік шаралар мен форумдар өткізу шығындарын қысқарту қажет. Бұл біздің ұсыныстарымыздың тек бір бөлігі ғана. Салықтық жеңілдіктерді қысқарту туралы және басқа да ұсыныстарымыз бар", – деп қорытындылады халық қалаулысы.