Асхат Аймағамбетов ҰБТ-дан жоғары балл жеке орталықтың емес, жүйелі еңбектің нәтижесі екенін айтты

141

Депутат тестілеуден жоғары балл алған түлектерді құттықтады.  

Асхат Аймағамбетов ҰБТ-дан жоғары балл жеке орталықтың емес, жүйелі еңбектің нәтижесі екенін айтты Фото: primeminister.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ҰБТ-дан жоғары балл алған түлектердің жетістігіне тек орталықтарды ғана телу дұрыс емес деп санайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ең алдымен 140 балл және 130 балл алған түлектерді құттықтады. Бұл – үлкен табандылықтың, білімнің, біліктіліктің және ата-ана, бала мен мектептің үлкен еңбегінің нәтижесі. Сондықтан бұл шын мәнінде қуанарлық жағдай. Егер осы балаларға пәтер, автокөлік сыйлап жатса, менің ойымша, бұл жаман емес. Бірақ біз бір мәселені түсінуіміз керек. Мұнда маркетинг мәселесі де бар. Өйткені бір жағынан компаниялардың атын әрі қарай әйгілі ету, "біздің түлек осындай мүмкіндікке қол жеткізді" деп көрсеткісі келеді. Оны біз түсінеміз және онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Тиісті бір мекеме немесе дайындайтын орталық "біз осындай нәтижеге қол жеткіздік" деп айтып жатса, бұл толығымен шындық емес", – деді Асхат Аймағамбетов Парламенттің бірлескен отырысынан кейінгі кулуарда.

Депутаттың пікірінше, 1-3 айда немесе бір жылдың ішінде баланы дайындап шығатын ерекше технология жоқ. 

"Егер бала 130-140 балл алса, Гарвардқа, Назарбаев университетіне түссе, бұл біздің білім беру жүйесінің, мектептегі күнделікті еңбегі көрінбей жатқан мұғалімдердің еңбегі. Бұны орталықтардың еңбегі деп айтпауымыз керек. Олардың да еңбегі бар, әрине. Өйткені қосымша көмектесіп, негізгі әдістемесін көрсететін шығар. Бірақ негізінен ол мұғалімдердің еңбегінің, ата-ананың қолдауының, баланың өз еңбегінің үлкен нәтижесі және жемісі", – деп  атап өтті Мәжіліс депутаты.

Айта кету керек, бұған дейін  Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге сыйлық беруге қатысты пікір білдіргенін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу