Ашхабадтағы әлем чемпионаты алдында суыт хабар тарады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3452

​Илья Ильин де олармен бірге Түркіменстан астанасына барғанымен, зілтемір көтеріп, сайысқа түспейді.

Ашхабадтағы әлем чемпионаты алдында суыт хабар тарады Фото: wfrk.kz

Ауыр атлетикадан ерлер арасындағы 84-інші, ал әйелдер арасындағы 27-інші Әлем чемпионаты 1-10 қараша аралығында Ашхабадта өтеді. Биылғы әлем чемпионатының маңызы зор. Себебі, Түркіменстан төрінде 2020 жылғы Токио Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салына бастайды. Спорт тілімен айтқанда – бірінші лицензиялық сайыс. Әрі алғаш рет халықаралық деңгейде, IWF туы астында, мүлдем жаңа салмақ дәрежелерінде ұйымдастырылады – 10 ерлер арасында және 10 әйелдер арасында.

Қазақстан зілтеміршілері Ашхабадта өтетін әлем біріншілігіне егжей-тегжей дайындалды. Қыркүйектің басында аяқталған (Талдықорғанда өткен), 2018 жылғы ел чемпионатынан кейін ұлттық құрама сапы жасақталды. Нағыз бабына келген зілтеміршілер іріктелініп алынды. Жалпы, ел намысын қорғайтын қыз-жігіттеріміз Текеліде, Талғарда, Сочиде (Ресейде) және Шымкентте оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Әу баста еліміздің намысын қорғайтын спортшылар саны 20 болған (10 жігіт + 10 қыз-келіншек).

Алайда ұлтық құрамамыз Ашхабадқа аттанарда суыт хабар жетті. Есімі төрткіл дүниеге мәшһүр толағай тарланбозымыз, яғни Илья Ильин әлем чемпионатына қатыса алмайтын болыпты. Кешеден бері тарап жатқан ақпараттарға сүйенсек, омыртқа жотасындағы ауыр жарақаты сыр берген. Оны өзі де отандық басылымдарға берген сұхбатында тәптіштеп айтты. Ары қарай не болары белгісіз көрінеді. Емделе ме, әлде... Жо-жоқ, жазғымыз да келмейді. Бәрін де уақыт көрсетер, әліптің артын бағайық   

Әйтсе де, Илья Ильин ұлттық құрамамен бірге Түркіменстан астанасына аттанып кетті. Ел намысын қорғайтын қыз-жігіттерімізді демеп, жандарында болғанды жөн санапты. Бапкерлерге көмектесіп, зілтеміршілерімізді жігерлендіруге өз үлесін қоспақшы көрінеді. Сөйтіп, әйгілі ауыратлетіміз қатардан шығып қалып, биылғы әлем чемпионатында 19 спортшымыз (9 жігіт + 10 қыз-келіншек) сынға түсетін болды. 

Енді, Ашхабад төрінде Қазақ елінің намысын жыртатын зілтеміршілер құрамымен таныс болыңыздар:
ерлер:
55 келі: Арли Чонтей 
61 келі: Фархад Харки 
73 келі: Нижат Рахимов 
81 келі: Айдар Қазов 
89 келі: Денис Уланов 
96 келі: Рүстем Сыбай 
102 келі: Александр Зайчиков
109 келі: Ибрагим Берсанов 
+109 келі: Елдос Сайлау
әйелдер:
55 келі: Зульфия Чиншанло
59 келі: Сәуле Садуақасова 
64 келі: Әсем Садықова және Карина Горичева
71 келі: Надежда Лихачева және Екатерина Столяренко 
76 келі: Екатерина Быкова
87 келі: Раушан Мешітханова 
+87 келі: Айзада Мүптілда және Александра Аборнева

Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, әйелдер арасындағы кейбір салмақтарда қыздарымыз қос-қостан өнер көрсетеді. Оның есесіне, біздің елден 45, 49 және 81 келі салмақ дәрежелерінде ешкім сынға түспейді. Ал ерлер арасында тек 67 келіде ешбір ауыратлетті тіркемеппіз. Илья Ильин болса, 102 келі салмақ дәрежесінде бақ сынауы керек болатын. Енді оның орнын 109 келі салмақта өнер көрсетуге дайындалған Александр Зайчиков басатын болыпты.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу