Әшімбетов Екібастұз қаласының тізгінін ұстады

3475

Павлодар облысына қарасты Екібастұз қаласының әкімі болып Нұржан Әшімбетов тағайындалды. Ол бұған дейін Павлодар қаласына басшылық еткен еді.

Әшімбетов Екібастұз қаласының тізгінін ұстады

Облыс әкімі Болат Бақауов кеншілер шаһарының жаңа әкімін қала активіне таныстырды.

"Президент Әкімшілігінің және Екібастұз қалалық мәслихаты депутаттарының келісімімен, менің өкімім бойынша Нұржан Әшімбетов Екібастұз қаласының әкімі болып тағайындалды. Нұржан Кемерұлының мемлекеттік қызметте 15 жылдық еңбек өтілі бар. Осы уақыт аралығында өзін білікті басшы ретінде көрсете білді. Енді Екібастұзды инвестициялық орталыққа айналдыру бағытында ауқымды жұмыс күтіп тұр. Барлық жоспарлы істі тиянақты әрі сапалы атқарарсыз деген сенімдемін. Жаңа лауазымда сізге табыстар тілеймін", - деді Болат Бақауов.  

Нұржан Әшімбетов 1969 жылы Павлодар облысы Лебяжі ауданы Черное ауылында туған. Алматы зооветеринарлық институтын зооинженер мамандығы, 2002 жылы Алматы экономика және статистика институтын бухгалтер-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Мемлекеттік мүлік жөніндегі Павлодар аумақтық комитетінің маманы болып бастап, кейін "Карана" корпорациясының кеңесшісі қызметін атқарды. 1997-1999 жылдары Лебяжі ауданындағы өндірістік кооперативті және  агрофирманы басқарды. Ал 1999-2008 жылдар аралығында Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары, Лебяжі ауданының әкімі, Павлодар облысы ауыл шаруашылық басқармасының басшысы болып еңбек етті. 2008-2009 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2009-2012 жылдары Петропавл қаласының әкімі, 2012-2016 жылдары Павлодар облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
2016 жылғы 13 сәуірден бүгінгі күнге дейін Павлодар қаласының әкімі болды.

Айта кетелік, бұған дейін Екібастұз қаласының әкімі қызметін атқарған Қайрат Нүкенов Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған болатын.

Ақтоты Қабдықайыр

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу