2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында ЕХРО 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезінде Астанада ашық аспан пилоттық режимі енгізілген болатын. Режим кез келген шетелдік авиакомпанияға шетелден аптасына жеті рейс жиілігімен елордаға күн сайын тікелей ұшуға өтініш беруге мүмкіндік берді.
Аталған шара мен ірі инвестор елдерге, сондай-ақ экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше-елдерге қатысты визалық режимнің жеңілдетілуі Астанаға ағылатын туристердің санын молайтуға тиіс болды.
"Бұл жобаны енгізу нәтижесін қорытындылай келе, маусым айынан бастап 10 жаңа халықаралық бағдар, оның ішінде шетелдік тасымалдаушылар Варшава, Будапешт, Хельсинки, Бейжің және Батуми бағытын және қазақстандық авикомпаниялар Сиань, Киев, Минералды сулар, Ереван, Дели бағытын ашқанын көруге болады. Сонымен қатар бұрынғы ұшып жүрген бағыттардың жиілігі артқан. Көрме өткен кезде ішкі бағдар бойынша ұшқан авиажолаушылардың саны былтырғы жылғымен салыстырғанда өсіп 88% болған, ал халықаралық бағдар бойынша 30% болған. Жобаның оң нәтижесін негізге ала отырып, қазіргі уақытта Астана бағыты бойынша бір тасымалдаушының жеті рейстен аспайтын ашық аспан саясатын пайдалануды ұзарту туралы шешім қабылданды", – деді инвестициялар және даму министрлігінің азаматтық авиация комитетіндегілер.
Бұған дейін инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ашық аспан режимін 2018 жылдың соңына дейін қалдыруды ұсынған болатын. Ашық аспан режимін бірқатар авиакомпаниялар пайдаланды. Олардың ішінде Finnair (Хельсинки – Астана) фин компаниясы, LOT Polish Airlines (Варшава – Астана) польшалық компания және Будапешт-Астана бағдары бойынша ұшқан алғашқы клиенттерге билетті 39,99 еуродан сатып, тарифті бірте-бірте көбейткен венгрлік Wizz Air лоукостер, Air China (Бейжің – Астана) компаниясы бар.
"ЕХРО көрмесі өткен кезде Астана қаласы үшін ашық аспан режимі енгізіліп, шетелдік компаниялардың аптасына жеті рейске дейін ұшуына қатысты барлық шектеу алынып тасталды. Жылдың басынан бастап Астанадан шығатын тоғыз жаңа халықаралық бағдар ашылды, сонымен қатар жұмыс істеп тұрған бағдарлар бойынша рейстердің саны артты. Бақытжан Әбдірұлы (ҚР премьер-министрі – автор еск.), ЕХРО аяқталғаннан кейін де бұл тәжірибені жалғастыруды, яғни Астана үшін ашық аспан режимін келесі жылға да қалдыруды ұсынып отырмыз", – деді Жеңіс Қасымбек 27 маусым күні өткен үкімет отырысында.
Аbctv.kz нәтижесінде ашық аспан режимі қай уақытқа дейін созылғанын инвестиция және даму министрлігінен сұраған еді, министрлік бұл режим "мерзімсіз" уақытқа созылды деп жауап берді.
Бұдан бұрын abctv.kz-тің "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовпен сұхбатында ашық аспан режимін сақтау туралы айтылған болатын. Оның сөзінше, Астанадағы ашық аспан режимі – бұл болашақ қаржы орталығы жетістігінің ажырамас, қажет ингредиенті, сондай-ақ АХҚО командасы мен орталықтың келешектегі клиенттері үшін "сыни фактор" . "Астана" халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын ЕХРО қабырғасында бастайды, халықаралық қаржы орталықтарымен шұғыл авиақатынасын қажет етеді. Бұл мақсатты ұлттық авиатасымалдаушы Air Astana компаниясы іске асырмақ. Air Astana қазірдің өзінде елордадан Лондонға, Парижге, Гонконгке, Дубайға және басқа да қалаларға ұшып жүр. Алдағы уақытта Нью-Йорк пен Токиоға ұшуды көздеп отыр.
Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев