Ашынған офицер Қарулы күштердегі жағдайды ашық айтты

16746

Ол:"Армияның онсыз да қансыз-сөлсіз күйге жеткен медициналық қызметі түбегейлі тоқырау алдында тұр", – дейді. 

Ашынған офицер Қарулы күштердегі жағдайды ашық айтты Фото: Мария Матвиенко

Ескі мұра сардарлардың еңсесін езді

Бақтияр Рахманбердиев ұлттық армиядағы, соның ішінде оның медицинасындағы ахуалға шын жаны ашығандықтан қолға қалам алғанын айтады. Астана медициналық университетін жалпы практика дәрігері мамандығы бойынша бітірген ол 2 жыл бұрын әскери қызметін лейтенант мәртебесінде бастады.

Бақтияр Нұрлыбекұлы әскерилер арасында Қарулы күштердің астанасына баланатын, Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан Гвардейский кентіндегі Әскери госпитальге жолданыпты.

"Жас, тәжірибесіз маманмын, әскери өмірге үмітпен қарайтынмын. Мол тәжірибе жинадым, жауынгерлердің бойындағы инфекциялық және терапевтік сипаттағы кеселдерді еш қиналмай тауып, жақсы емдей алатын дәрежеге жеттім. Биыл контрактім түгесілуге таяды, мен еш ойланбастан келесі контрактіге қол қоймау туралы шешім қабылдадым. Неге? Армиямыздың медициналық қызметіндегі салмақты проблемалардың қордалануы мені осы қадамға итермеледі. Себебі ол түйткілдер онсыз да қансыз-сөлсіз күйге жеткен осы жүйені толық тоқырауға бастауы мүмкін", – деп алаңдайды Б.Рахманбердиев.

Отставкағы офицер бірнеше проблеманы нақты атап өтті. Біріншісі – әскери қызметшілердің, соның ішінде медициналық қызмет офицерлерінің ақшалай ризығына қатысты. 2019 жылы лауазымдық төлемді, әскери атақ үшін еңбекақыны қоса алғанда, ай сайын қолға алатыны шамамен 120 мың теңге болған.

"Еңбекақыны көтергеннен кейін қазіргі кезде бұл сома 160 мың теңгеге жетті. Сардардың ақшалай ризығы ескірген "тарифтік сетка" кесірінен соншалықты төмен болып тұр. Мәселен, бұл сетка "Гвардейский" Әскери госпиталіне ол медициналық санитарлық батальон аталған "бағзы" заманнан мұраға қалыпты. Содан бері ұйым мәртебесін өзгерткенімен, сеткасы түзетіліп, өсірілмеген. Кез келген ер адам секілді мен де, әріптестерім де отау құрып, отбасын асырағымыз, автокөлік алғымыз, балаға лайықты болашақ сыйлағымыз келеді. Алайда аталған еңбекақы күнді күнге әзер жалғауға ғана жетеді", – дейді ол.

Әскери дәрігерлер азаматтық сектордағы ақ халаттыларға қызыға қарайды: ауылдық амбулаториядағы жалпы практика дәрігерінің жалақысы 350 мың теңгеден жоғары көрінеді. Бұған қоса, жас мамандарға әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған.

"Әскери дәрігерлерге деген құрмет бұдан еш кем болмауы керек, өйткені ол кез келген мезетте дабылмен көтеріліп, соғыс болып жатқан жерге аттануға, тіпті Отан үшін, жауынгерді құтқару үшін шейіт болуға дайын. Ал азаматтық медициналық мамандар кез келген мезетте арыз жазып, жеке секторға кетеді, өміріне қауіпті іссапардан еркін бас тартады. Сондықтан менің ойымша, әскери дәрігердің алатыны кем дегенде, 1 мың доллардан (430 мың теңгеден) аз болмағаны жөн. Сонда ғана бұл лауазымға дарынды, өз ісінің білгірі саналатын мамандар ұмтылатын болады. Олай болмаған соң, әскери дәрігерлердің бос орындары, вакансиялары күн өткен сайын көбеюде", – деп қапаланады офицер.

"Дәрігерлер шланг пен баллонды желімдеп, оттегі беру жүйесін өзі жасауға мәжбүр"

Екінші ірі проблема – әскерилердің үлкен бөлігінің әлі де болса баспанасыз жүргені. Кейінгі жылдары әскерилерге пәтерді жалға алғаны үшін арнайы төлем төленеді. Бірақ оның көлемі "Гвардейскийде" аса төмен: отбасының әр мүшесіне ай сайын 23 мың теңгедей беріледі. Бұл сома мегаполистерді айтпағанның өзінде, өзге қалада ипотека алуға жетпейді. Салдарынан, мұны қомсынған жас мамандардың біразы алыс гарнизондарға барудан бас тартады, әскермен контрактісін ұзартпайды: жеке секторда әлдеқайда көп табады.

Үшінші үлкен проблема алдыңғы екеуінен туындайды: шағым иесінің айтуынша, армияның медқызметінде кадр тапшылығы күшейген. 

"Әскери дәрігерлердің жетіспеушілігі Қазақстанның барлық өңірінде өте өзекті. Мен қызметімді аяқтап қалған тұста тек біздің Әскери госпитальден 7 дәрігер-маман кетті. Олардың орнына бірде бір маман келмеді. Әрбір емдеу бөлімінде бір-бір дәрігерден ғана қалды, оның әрқайсысы 2–3 маманның жұмыс жүктемесін еңсеруге мәжбүр. Аптасына 6 күн жұмыс істейді, сырқат жауынгерлерді, әскерилер мен олардың отбасы мүшелерін, гарнизон аумағында және жақын ауылдарда тұратын тұрғындарды тәулік бойы қабылдайды. Себебі, ең жақын аудандық аурухана 100 шақырым қашық жатыр. Оның үстіне айына ең кемі 6 рет тәуліктік наряд өткізеді. Мереке дегенді ұмытты. Зорығып құлауға жақын. Обалы нешік, госпиталь басшылығы Бас әскери-медициналық басқармаға күн сайын дерлік қалыптасқан жағдай туралы баяндайды. Алайда "мамандар жоқ, өз бетіңізше іздеп, табыңыз" деген қысқа ғана жауап алады", – дейді Б.Рахманбердиев.   

Ол өзіне терапевтикалық, инфекциялық бөлімдердің және емхананың бастығы міндетін қатар алып жүруге, амбулаторлық және стационарлық сырқаттар арасында зыр жүгіруге тура келгенін тұнжырай еске алды. Ұрыс қимылдары кезіндегіге мейлінше жақын мұндай жүктеме ұзаққа созылған соң, жүйке жұқартып, адамды әбден қажытады, созылмалы сипаттағы шаршау және депрессия пайда болады. Сырқат өміріне де қауіп төнуі ықтимал. Мысалы, операция жасау кезінде хирургке ең құрығанда бір ассистент-хирург көмектесуі шарт. Адам жетіспегендіктен, хирург жалғыз істеуге мәжбүр екен. 

Жан сақтау және интенсивті терапия бөлімінде штат бойынша 2 маман болуы міндет. Бірақ жалғыз маман еңбек етеді. Жағдайы аса ауыр пациенттер түскенде, ол бірнеше күн, тәулік бойы уақытын аурудың қасында өткізеді, отбасына оралмақ түгіл, дұрыс тынығуға, ұйықтауға, жуынуға уақыты болмайды. 

Офицер әскери госпиталдің материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейінің нашарлығына да тоқталды. Меджабдықтардың біразы кеңес кезінен бері қолданылады дейді: есептен шығару туралы өтінім жіберілгенімен, онысы жүзеге аспайды. Жаңа жабдық сирек түседі.

Қазіргі коронавирус заманында аса маңызды оттегімен қамтамасыз етудің орталықтандырылған жүйесі де госпитальде жоқ болып шықты. Сондықтан дәрігерлер шланг, баллондар және басқа да қолға түскен нәрселерден реанимациялық және операциялық палатаға оттегі беру жүйесін құрастырыпты. Одан кейде оттегі сыртқа шығып кетіп, жарылыс қаупін тудырады. Сырқаттар бірнеше рет ота үстінде оттегісіз қалу қаупіне душар болыпты. 

Өзге де проблемалар жетерлік. Мәселен, ондағы әскери дәрігерлер коронавирус пандемиясына орай ешқандай үстемеақы алмапты және оны беру жоспарланып та отырған жоқ.

Әскери билік не дейді?

Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов азаматтық сектор дәрігеріне қарағанда әскери медиктердің еңбекақысының төмендігіне қатысты мәселе қаралғанын баяндады.

"Әскерилердің ақшалай ризығы 2021 жылы 35%-ға көбейтілді. 2022 жылы – 20%-ға, 2023 жылы – 15%-ға көтеру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Президенттің биылғы 10 шілдедегі медқызметкерлердің жаңа еңбекақы жүйесін енгізуге қатысты тапсырмасын орындау үшін Қорғаныс министрлігі психоэмоционалды және физикалық жүктеме үшін әскери медициналық мамандарға ынталандырушы үстемеақы белгілеу мәселесін пысықтап жатыр", – деді ол.

Министр Гвардейский кентіндегі баспана жалдау үшін өтемақы төлемінің неге аздығын түсіндіре кетті. Үкіметтің осы мәселені реттейтін 2018 жылғы 12 ақпандағы қаулысына сәйкес, әрбір өңірдегі 1 шаршы метрдің арендалық құнының сомасы статорганның деректері негізінде анықталады. Ал Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Жамбыл облысында 1 шаршы метрдің арендалық құны 1 324 теңге деп есептеген. Тиісінше, облыста әскерилерге төлемақы 1 адамға 23 832 теңгені ғана құрады. Бұл жерде бар айып нарық пен шынайы өмірге жанаспайтын дерек құратын статистикашыларда болса керек. Олар статдеректерін жақсартса, әскерилер де бір жасап қалмақ.

"Жалпы, медициналық кадрлардың тапшылығы тек Қарулы күштерге ғана емес, бүкіл Қазақстанға тән. Әскери-медициналық бөлімшелерді медмамандармен қамту проблемасын шешу үшін Қорғаныс министрлігі бірқатар шара қабылдауда. Біріншіден, қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізетін жаңа заң жобасы әзірленді. Оған сәйкес, медициналық қызмет офицерлері үшін әскерге шақыру жасын қазіргі 29-дан 32-ге дейін арттыру, сондай-ақ некедегі және біреуден көп баласы бар запастағы офицерлерге әскери қызметке шақыруды кейінге шегеру құқығын беретін норманы жою ұсынылады", – деді Қорғаныс ведомствосының басшысы. 

Нәтижесінде, бұл шаралар әскерге шақырылатын контингент санын күрт көбейтеді. Тиісті заң жобасы Мәжілістің қарауына енгізілген. 

Екіншіден, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық академияда келісім бойынша курсанттарды медициналық мамандықтарға оқыту ісі қайта қолға алынған. Үшіншіден, одақтас елдердің медициналық ЖОО-ларына курсанттар бағытталуда: Ресейге – 11, Арменияға – 5 курсант оқуға жіберілген.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, расында 2020–2021 жылдары әскери-медициналық мекемелерге медициналық жабдықтар сатып алуға қаражат бөлінбепті. Былтыр тек гуманитарлық көмек аясында Гвардейскийдегі Әскери госпиталге ӨЖЖ аппараттары, электрокардиографы, УДЗ-аппараты, рециркуляторы бар реанимациялық кешен берілді. Бұл ауруханадағы рентген аппаратынан басқа "меджабдықтарды есептен шығаруға құжаттар түскен жоқ".

Сонымен бірге бүгінде аталған Әскери госпиталде медициналық газдарды орталықтандырылған түрде беру жүйесін орнатуға қаражат бөлу жұмыстары жүргізілуде деп хабарланды.

Жас мамандардың Қарулы күштердегі медқызметте жұмыс істеуге ынтасы жоқ деген пікірге ой қосқан Қорғаныс министрі Конституцияның 36-бабына сәйкес, "Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті" екенін еске салды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу