AsiaCredit Bank-тің салымшыларынан өтінім қабылдау 24 ақпанда басталады

7733

Агент-банк ретінде Еуразия банкі таңдап алынды. 

AsiaCredit Bank-тің салымшыларынан өтінім қабылдау 24 ақпанда басталады

Қазақстан депозиттерді кепілдендіру қоры AsiaCredit Bank-тің салымшыларынан өтінімдерді 24 ақпаннан бастап қабылдамақшы, – деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Кепілдендіру қорының баспасөз қызметі бүгін осындай хабар таратты. Құжат қабылдау тек 1 мамырға дейін жалғасады.  

"COVID-19 инфекциясын таратпау, агент-банктің алдында кезек болдырмау үшін өтеуге жататын соманы тексеру және тиісті төлемді алу туралы өтінім беру, тиесілі ақшаны алу қашықтан жүргізіледі. Агент-банк ретінде таңдап алынған Еуразиялық банк AsiaCredit Bank салымшыларына қызмет көрсету үшін сенбі күндері де жұмыс істейді" – деп жазады қордың баспасөз қызметі. 

Қайтарып берілетін төлем клиенттің депозитінде AsiaCredit Bank-тің лицензиясы тоқтатылған күні қалған ақша мен содан түсуге тиіс сыйақы мөлшерінің шегінде ғана беріледі. Соның өзінде ұлттық валютадағы жинақтаушы депозиттердің төлемі 15 млн теңгеден аспауы керек. Төл теңгемен салынған өзге депозиттердің қайтарылатын төлемі 10 млн теңгеден аспауға тиіс. Ал шетелдік валютамен салынған депозиттердің төлемі банктің лицензиясы тоқтатылған күнгі бағаммен есептегенде 5 млн теңгеден аспауы керек.

Егер салымшы кепілдендірілген депозитін бірнеше валютамен бірнеше түрге бөліп салған болса, агент-банк бәрін қосып төлеуге міндетті. Жиынтық сома 15 млн теңгеден аспауы керек.   

Еске салсақ,  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 11 ақпанда AsiaCredit Bank-ті банк операцияларын жүргізу, құнды қағаздар нарығында жұмыс істеу лицензияларынан айырған болатын. Оған банктің  Ұлттық банк бекіткен шекті нормативтерді жүйелі түрде көзге ілмей, міндетті нормалар мен лимиттерді сақтамауы, қадағалау шараларына құлақ аспай, уәкілетті органның қосымша капиталдандыру бойынша қойған талаптарын орындамауы  себепкер болған.       

Лицензиясынан айырылған сәтте банк активтерінің көлемі – 45,4 млрд теңге, берешек портфелі – 45 млрд теңге болған еді. Соның ішінде берешек портфелінің 70%-ы немесе  31,6 млрд теңгесі "жұмыс істемейтін" несиелерге берілген. Яғни, төлемі 90 күннен астам кешіктірілген. Банктің сатуға жарамды активі небәрі 75 млн теңге болса, клиенттерге 8 млрд теңгенің тиісті төлемі жасалмаған. 

"1 ақпандағы жағдай бойынша, банкте  23 174 жеке тұлғаның 19 млрд теңгеден астам депозиті бар. Бұл соманың 97,7%-ын "Қазақстан депозиттерді кепілдендіру қоры" АҚ толық көлемде өтейді.  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агентті төрағасының 11 ақпандағы №51 бұйрығымен  AsiaCredit Bank-ке уақытша әкімшілік тағайындалды. Банкті басқарумен байланысты өкілеттің бәрі осы әкімшіліктің қолына өткен",  деп жазады кепілдендіру қорының баспасөз қызметі.  

12 ақпаннан бастап клиенттердің банк шотындағы және банктің өзіндегі барлық операциялар тоқтатылды. Ұлттық банктің дерегі бойынша, 2020 жылдың желтоқсанында AsiaCredit Bank елдегі 26 банктің ішінде 24- орында болған.

 

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу