Асқар Мамин 21 депутаттың келісімінсіз тағайындалды

4496

Жаңа Үкіметке ескі басшы келді.

Асқар Мамин 21 депутаттың келісімінсіз тағайындалды

Бүгін Мәжіліс сайлауынан кейін отставкаға жіберілген Үкіметтің  басшысы тағайындалды. Саяси сарапшылар болжағандай, Асқар Мамин Үкімет басшысы болып қайта тағайындалды. Алайда Үкімет басшысының бұл жолғы тағайындалуы бұрынғыларынан сәл өзгешелеу сипатта өрбіді. Дауыс берген 99 депутаттың 21-і қалыс қалған. Бұл ишара Асқар Маминнің Үкімет тізгінін қайта ұстауына кедергі келтірмегенімен,  қоғам арасында түрлі талқылауларға тұздық болып жатыр.

Кейбір ақпарат құралдары қалыс қалған 21 депутат "Ақжол" және "Халық" партиясының атынан сайланған депуттатар екенін жазды. Кейбір желі қолданушылары да Премьер-Министрдің кандидатурасы  әдеттегідей бір ауыздан мақұлданбағанын алға тартып осының өзін Парламенттегі өзгеріс деп асығыс тон пішіп жатыр. 

Ал Қасым-Жомарт Тоқаев қайтадан тағайындалған Премьер-Министрдің өкілетін ресми құжатпен бекітіп, А.Ұ. Маминді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. 

99 депутаттың 78-інің мақұлдауымен үйреншікті қызметіне қайта кіріскен Асқар Мамин сөзін өзін қолдап дауыс берген Парламент өкілдеріне алғыс айтудан бастады.

"Сенім білдіргендеріңізге рахмет айтқым келеді. Мен үшін бұл үлкен құрмет және жауапкершілік. Алдымызда елді экономикалық-әлеуметтік дамыту жолында үлкен міндеттер тұр. Бүгін Мемлкет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елді дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді. Ең бастысы – өмір сапасын арттырып, халықтың әл-ауқатын көтеру, табысын көбейту. Бұл міндеттерге экономикалық өсімнің арқасында қол жеткізуге болады" - деді ол.

Есжан Ботақара

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу