Асқар Мамин: Қуаңшылық жайлаған өңірлердегі жағдайды ерекше бақылауда ұстау керек

1427

Премьер-министрдің айтуынша, Маңғыстау мен Қызылорда өңіріндегі жағдайды Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер назарға алуы керек, деп хабарлайды Inbusiness.kz. 

Асқар Мамин: Қуаңшылық жайлаған өңірлердегі жағдайды ерекше бақылауда ұстау керек

"Биылғы жаз ерекше құрғақ болды. Соның салдарынан еліміздің батысы мен оңтүстігінде бірқатар өңірлер зардап шекті. Құрғақшылықтың салдарын жою үшін жедел шаралар қабылданды. Зардап шеккен өңірлерді жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб жұмыс істеуде", – деді Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысында.

Премьер–министрдің айтуынша, жем-шөп сатып алу үшін Үкімет резервінен Маңғыстау және Қызылорда облыстарына 3,6 млрд теңге, ал жем–шөп дайындауға қосымша 43,1 мың тонна арзан дизель отыны бөлінген. Солтүстік өңірлерден жем-шөп жеткізіліп, батыс өңірлерді жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесіне волонтерлер де кіріскен.

"Республикадан кесек жем-шөпті шығаруға және жемдік астық экспортына квота беруге уақытша тыйым салынды. Қабылданған шаралардың арқасында жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі жалпы тұрақталды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жағдайды ерекше бақылауда ұстауы қажет. Егін жинауға дайындық мәселесінде де жұмыстарды қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданды. Қазіргі таңда, АҚШ  ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамдары бойынша АҚШ–та бидай түсімі 4,4 пайызға,  Канадада  32 және  Ресейде 15 пайызға төмендейді деп күтілуде", – дейді ол.

Асқар Мамин жалпы, Қазақстан болжам бойынша өзін астықпен толық қамтамасыз ететінін айтады. Экспорттық әлеует жоғары деңгейде, шамамен 6,5–7 млн тонна деңгейінде қалады. 

"Сондықтан басты міндетіміз – егін жинауды уақтылы әрі сапалы өткізу. Жалпы мынадай мәселелерге көңіл бөлгім келеді. Біріншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстардың әкімдіктері қыс мезгіліне жем-шөп қорын сапалы дайындау және оның бағаларын тұрақты болуын қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдасын. Екіншіден, егінді сапалы жинап қана қоймай, бидай сақтаудың тиісті шарттарын да бақылауда ұстау керек. Элеваторлардың егін қабылдау мен жинауға әзірлігін қамтамасыз ету қажет. Үшіншіден, Энергетика министрлігіне егін жинау кезінде жанар-жағар маймен уақтылы қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырамын", – деді ол.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу