Асқар Мамин Қазақстан Республикасының премьер-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың Тwitter-дегі ресми парақшасында жарияланды.
Бүгін президент Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің қарауына Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынды. Халық қалаулылары бірауыздан қолдады.
Еске сала кетейік, Асқар Ұзақбайұлы бұған дейін ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары болған.
Жаңа тағайындалған үкімет басшысы 1965 жылы 23 қазанда туған. Ақмола облысының тумасы.
Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітірген. Сондай-ақ Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын тәмамдаған. Инженер-құрылысшы, экономист.
Еңбек жолын "Целинтяжстрой" тресінің құрастырушысы болып бастаған.
Әр жылдары Ақмола арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі, индустрия және сауда бірінші вице-министрі қызметтерін атқарды.
2005 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрі болып тағайындалды. 2006 жылдың қыркүйек айынан бастап Астана қаласының әкімі болды. 2008 жылдың сәуірінде "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ-ның президенті болып тағайындалды.
2016 жылдың қыркүйек айынан ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары болып еңбек етті.
"Ерен еңбегі үшін" (1998) медалімен, "Құрмет" орденімен (2006), 2 дәрежелі "Барыс" орденімен (2011), "Астанаға 10 жыл" мерекелік медалімен (2008) марапатталған.
Шетелден алған марапаттары да жетерлік. Атап айтқанда, 3 дәрежелі Әулие Маниил Московский князі орденін (2010, Ресей Федерациясы), Құрмет легионы орденін (2013, Франция) кеудесіне таққан. Мойындау кресті гранд-офицері (2013, Латвия Республикасы).
Астана қаласының Құрметті азаматы (2011).
Құрметті теміржолшы (2012).
Қазақстанның құрметті құрылысшысы (2013).
Фархат Әміренов