Асқар Сейдуәлиев Астанадағы изоляторға тоғытылды

Дина Ермаганбетова Дина Ермаганбетова
1669

Сыртқы істер министрлігі Беларусь елшілігінде болған жемқорлық жанжалының жай-жапсарын жариялады.

Асқар Сейдуәлиев Астанадағы изоляторға тоғытылды

Жанжалдың қақ ортасында қалған Қазақстанның Минскідегі елшілігінің жаңа ғимараты 2016 жылдың басында пайдалануға берілген. Істің негізгі жауапкері – есепші, елшіліктегі жұмысынан шыққанына бір жыл болыпты.

Еске сала кетейік, Қазақстанның Беларусьтегі елшілігінің аға есепшісі Асқар Сейдуәлиев елшілік ғимаратының құрылысына бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын.

"Асқар Сейдуәлиев 2012-2015 жалдар аралығында елшілік ғимаратын салушы бас мердігер – "Активбизнесплюс" ЖШҚ-ға төлем жүргізді деген жалған құжаттармен 207 000 доллар бюджет қаражатын ұрлағаны анықталды. Одан бөлек, осы кезеңде Асқар Сейдуәлиев елшілікке Беларусь Республикасының салық органдарынан қайтарылған ҚҚС 474 883 доллар қаржыны да жымқырған. Ұрланған қаражаттың жалпы сомасы 681 883 долларға жетті", – деп жазылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның ресми баспасөз хабарламасында.

Асқар Сейдуәлиев ұсталып, Астананың ІІД уақытша ұстау изоляторына отырғызылғаны айтылды.

Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Күдіктілер қатарына тағы кім кіреді, Беларусь азаматтарының осы іске қатысы бар-жоғын Ұлттық бюроның баспасөз қызметі анықтай алмады. Осы және өзге сұрақтарға жауап берілмеді.

Сыртқы істер министрлігінің түсініктемесі

Қазақстанның Беларусьтегі елшілігіне тексеру жүргізу туралы бастаманы сыртқы істер министрлігінің өзі ұсынған екен.

"Еліміздің Минскідегі елшілігінің жаңа ғимаратының құрылысы аяқталып, қабылдау комиссиясы 2015 жылдың желтоқсан айында бас мердігер жұмысының қорытынды есебін қабылдаған кезде қаражаттың жетіспейтіні анықталды. Осыған байланысты ҚР елшісі Ерғали Бөлегенов ҚР СІМ басшылығына осыны хабарлап, ҚР СІМ ішкі аудит қызметі елшіліктің қаржылық-шаруашылық қызметін кешенді бақылауға алып (2016 жылдың қаңтар-ақпан айлары), материалдар ҚР Бас прокуратурасына жолданды.

Одан әрі 2016 жылдың мамыр айында мемлекет бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитеті және қаржы министрлігі қаржыны бақылау комитетінің жүргізген тексерулері елшіліктің бұрынғы бас есепшісі Асқар Сейдуәлиевке қатысты бұдан бұрын анықталған заң бұзушылықты растады. Бұл материалдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроға табысталды", – деп жазылған мекеменің ресми баспасөз хабарламасында.

Елшілік пен бас мердігер "АктивБизнесПлюс" ЖШҚ арасындағы барлық міндеттеменің "толық орындалғаны" айтылады, ал өкілдіктің ғимараты 2016 жылдың 1 ақпанында қолдануға берілген.

Асқар Сейдуәлиев Беларусьтегі елшілікте 2012 жылдың қараша айынан бастап 2016 жылдың қаңтарына дейін есепші болып жұмыс істеген, ал өткен жылдың көктемінен бастап тергеуге алынған.

СІМ баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов елшілік өкілдіктің есебін, әдетте, бір адам жүргізетінін айтты. Бұл бөлімдегі қызметкерлердің көпшілігі елшіліктерге бөлінеді.

"СІМ жемқорлықтың кез келген көрінісіне шыдамсыздық танытады және тергеуге толық жәрдемдесіп отыр", – дейді ол.

Аbctv.kz елшілік ғимаратының көлемі мен құрылыс құны туралы ақпарат сұраған болатын, алайда СІМ ондай ақпарат ұсынған жоқ.

Минскідегі Қазақстан елшілігінің ғимараты Жеңімпаздар даңғылы мен Орлов көшесінің қиылысында орналасқан (жылжымайтын мүлік туралы жергілікті порталдың ақпараты бойынша бұл аудан қымбат деп есептеледі). Сыртқы безендірілуі шығыс үлгісінде орындалған. Ғимараттың жобасын 2014 жылы Беларусьтің белгілі сәулетшісі Анатолий Цейтлин басқарған "Творческая мастерская-7" ЖШС жасаған болатын. Бұл компания жасаған жұмыстар арасында Минскідегі сауда ойын-сауық кешендері, бизнес-орталықтар, McDonald's мейрамханасы, қонақ үй, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар бар.

Елшіліктің ғимаратын "Дельфин" компаниялар тобының (КТ) еншілес құрылымы – "Фрелиэйсэксим" ЖШҚ салды. Нысан 2015 жылы пайдалануға берілген деп айтылған "Дельфин" сайтында. Сонымен қатар бұл ресурста "Дельфин" тобына кіретін кәсіпорындардың меншік иесі және директоры Шермен Шоқанов екені жазылған. Ал ол Қазақстанның Беларусьтегі құрметті консулы, "Атамекен" халықаралық қоғамдық бірлесітігінің (Минскіде орналасқан және қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін насихаттайды) төрағасы.

Интернетте берілген байланыс телефондары арқылы, жемқорлыққа қарсы қызметтің мәлімдеуінше, елшілік ғимаратының бас мердігері болған "Активбизнесплюс" ЖШҚ-ның Минскідегі кеңесіне хабарластық. Бұл "Дельфин" КТ-ның кеңсесі болып шықты. Жауап берген қызметкердің айтуынша "Активбизнесплюс" аталған КТ-ның құрамына кіреді. "Дельфин" КТ-ның басшылығымен хабарласу мүмкін болмады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу