Әскерде қызмет ету мерзімін 6 айға азайту ұсынылды

9641

Сонымен бірге Қазақстан армиясын 500 мыңға жеткізу туралы бастама бар. Қалай болғанда, қазақ елінде алдағы 7 жылда әлемдегі озық әскер пайда болуы шарт, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Әскерде қызмет ету мерзімін 6 айға азайту ұсынылды Фото: Мария Матвиенко

Республикада саяси жаңғырулар енді армиямыздың қорғаныс қабілетін арттырумен қатар жүретін болады. Қазақстан Президенті осындай міндет қойды.

"Әскерилеріміз заманауи озық қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз етілетін болады. Әскери қызметтің беделін және әскерилеріміздің мәртебесін арттырамыз. Ұлттық армиямыздың абырой-айбынын нығайтамыз. Әскерилер қазақстандық патриотизмнің символына айналатын болады", – деп уәде етті кеше Мемлекет басшысы.

Ол қорғаныс-өнеркәсіптік кешенді дамыту шаралары қабылданатынын, яғни қару-жарақ пен ұрыс техникасының өндірісі  жолға қойылатынын мәлімдеді. АҚШ, Еуропа сияқты дамыған елдер иек артқан, Украина соғысында өзін ақтаған аумақтық қорғаныс, яғни "тероборона" құрылып, күшейтіледі.

Бұдан бөлек отандық әскери білім беру сапасы жоғарылатылатыны айтылды. Сонымен қатар Қарулы күштердің түрлі әскерінің майдан даласындағы өзара үйлесімді қимылдауына қол жеткізілмек. 

Бұған дейін ақпарат құралдарында хабарланғандай, Қазақстан қорғаныс бюджетін тағы 1 миллиард долларға күрт арттырды. Оның толық сомасы әрине, құпия. 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының ашық бөлігіне үңілсек, жалпы, қорғаныс саласына келесі жылы 1 трлн 29,8 млрд теңге бағытталмақ. Соның ішінде отандық қару-жарақ, әскери техниканы жасауға жауапты меморган – Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігіне алдағы жылы 326 млрд 610 млн теңге бөлінеді. Бұл сомаға оның қандай соғыс құралдарын жасайтыны жасырын.

Бұдан бөлек, келер жылы мемлекетте қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық, сот және қылмыстық-атқару қызметіне 1 трлн 71,9 млрд қаражат жұмсалады. Жалпы алғанда, күштік құрылымдардың, яғни қорғаныс, құқық қорғау жүйесі, арнайы мемлекеттік органдардың келесі жылғы жалпы бюджеті (ашық бөлігі) 2 трлн 217 млрд теңге болады.

Қазіргі кезде еліміздің Қорғаныс министрлігі ұлттық армияны нығайту жолдары мен амал-тәсілдеріне қатысты ұсыныс-рекомендациялар жинауда. Бұл тұрғыда тың ақыл-кеңестер аз емес, олардың біразы назар аударуға тұрарлық.

Әскери сарапшылардың байламынша, Ресей және Украина арасындағы қарулы жанжал кеңес кезінен келе жатқан әскери тактикалардың, азаматтарды, соның ішінде резервистерді әскерге шақыру, әскери дайындау жүйесінің ескіргенін, жаңа заман талаптарына сәйкес келмейтінін паш етті.  

"Біздің армиямыз да кеңестік қызыл армияның бір бөлшегі түрінде қалды, заманға сай жаңаша қалыптана, қайта құрыла алмады. Салдарынан, соның қателіктерін қайталауы мүмкін. Сондықтан Қорғаныс министрлігі осы бағытта терең реформалар жүргізу жайын ойластырғаны жөн. Осыған орай жүйені өзгертуге бағытталған жаңа тұжырымдаманы ұсынып отырмын. Ол әскерге маусымдық шақырудан – тұрақты ағындық-конвейерлік шақыруға көшуді қарастырады", – деп түсіндірді концепция авторы, запастағы әскери Байғали Тілек.

Оның идеясы бойынша бұрынғы жүйеден, яғни әскерге шақырылғандардың 1 жыл бойы әскери борышын өтеуінен бас тартып, бұл қызметті басқаша құрған жөн.

"Әскери міндетті азамат Отан алдындағы борышын тылдық мамандықтар бойынша – 18 ай, ал майдан мамандықтары бойынша – 24 ай міндетті түрде өтеуі қажет. Бірақ бұл мерзім бірден өтелмейді: 3 сатыға ажыратылады. Тыл қызметінен әскери қызметке ішінара жарамсыз азаматтар өте алады, өткісі келмесе, 200 АЕК (612 мың теңгедей) армия салығын төлеуге тиіс. Қалғандары келесі әскери қызмет сатыларынан өтуі шарт: бірінші фаза 6 айға созылады. Оған бастапқы әскери даярлық, жаттығулар, қару түрлерінен атып үйрену, әскери техникамен танысып, жүргізу сияқты "жас жауынгер курсы" кіреді. Бұл америкалық "Вasic combat training" сияқты болуы қажет: онда drill sergeant, яғни нұсқаушы-сержанттар ақырып, жаңа шақырылған жас сарбаздарды ұдайы тыным таптырмай қуалап, бойындағы бар арам терін шығарып, шымыр етеді. Сонда небары 6 ай ішінде қарқынды жаттығулар арқасында бұл жігіттер қажетті әскери даярлықтан өтеді, соғыс жүргізу тактикасын, әскери өнерді үйренеді", – деді жоба авторы.

Әйтпесе, тұтас жыл он екі айға шақырылған жауынгерлер "дух" пен "піл" болып, "аталар" мен "дембельдердің" тапсырмасын орындап, жайқалып-найқалып жүргенде, көп ештеңе үйренбейді. Тіпті танк, БМП жүргізбек түгіл, автоматты қалай шашып, жинауды дұрыс білмей оралатындардың бар екені жасырын емес. Ал НАТО жүйесінде, соның ішінде АҚШ-та солдаттарды даярлау бейбіт емес, соғыс жағдайындағыдай қуатты қарқынмен жүргізіледі.

"1-ші фаза аяқталып қалғанда сол ысылған жауынгерлер арасынан контрактник немесе кадрлық әскери қызметші болуға лайықтыларын сапқа тарту үшін үгіттеу, рекрутинг басталуға тиіс. Мұның бәрі ерікті түрде жүргізіледі. Осы кіл мықтының арасынан ең үздіктерін қосымша сынақ-тесттер көмегімен Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер органдары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті таңдап алып, өз қатарларын жаңа кадрлармен толығады. Егер сарбаз әскери қызметті таңдаудан бас тартса, онда оның Отан қорғау борышының 2-ші сатысы басталады", – деді Байғали Тілек.

Оның ұсынуынша, осы фазадан толық түрде (тыл не майдан мамандығына қарай бірден 12-18 ай) немесе бөліп-бөліп өтуге болады. Яғни толық өткеруден бас тартса, 6 айдан соң әскерге шақырылған жігіт үйіне қайта алады.

Сонымен бірге ол 6-9 жыл бойы, жыл сайын 2 айға жиынға келіп тұруға міндетті болады. Сонда орта есеппен 30-35 жасында әскери міндетті азаматтар Отан алдындағы борышын толық өтеп болады.

Жыл сайынғы жиын не үшін керек? 6 ай, немесе 1 жыл әскерде болған адам азаматтық өмірге оралған соң әскери машығын толық дерлік жоғалтады. Ал жыл сайын аз уақытқа шақырылып тұрса, ұмытпайды, шыңдала түседі.

3-ші саты запастағы қызметті қарастырады. Онда да жауынгерлер 40-45 жасқа дейін 2 аптаға созылатын әскери жиындарға шақырылуы мүмкін.

"Қазақстанда қазір 20 өңір бар. Оның әрқайсысынан орта есеппен 5 мың солдаттан шақырса, онда 10 айға созылатын ағындық-конвейерлік жүйеде әр өңірдің шыныққан, әбден форма-қалыбына келген 25 мың жауынгері кез келген уақытта ұрысқа кіруге дайын тұрады. Сонда Қазақстанда соғыс салуға қабілетті 500 мың жауынгер Отанды қорғауға сақадай сай болады. Олар жыл сайын 2 ай бойы қорына қару ұстап, атып үйренеді, саналуан әскер түрлерінің үйлесімді шайқасуына бейімделеді, әскери техниканың құлағында ойнайтын жағдайға жетеді. Ол болмаған соң Қазақстан аз шоғыр ғана кәсіби армияға, сондай-ақ әскерде үйренгенінің бәрін 3-4 жылда тарс есінен шығарған экс-солдаттарға үміт артып отыр", – деді Байғали Тілек.

Оның тұжырымдауынша, 6 айға созылатын және ары қарай жылдарға ажыратылатын мұндай жүйе әскери қызметке деген жастардың қызығушылығын арттырады. "Тұтас бір жылым босқа кетеді" деп әскерден қашатындардың санын азайтуға ықпал етеді. 

Баласының нағыз еркекке айналуын қалайтын ата-аналар және шынығып, шымыр болғысы келетін бозбалалар мұндай қысқа, әрі қарқынды жаттығуға құрылған заманауи әскери қызметті көктемгі-жазғы лагерь ретінде қабылдайтын болады.

Концепция авторының ұсынуынша, 1 сатыдан соң жауынгерлерге түрлі бонустар таратуға, мысалы, жүк көлігінің жүргізушісі куәлігін беруге, бұған қоса, бағдарламашы, басқа да мамандықтар курсынан өткенін дәлелдейтін және азаматтық салаларда күші жүретін сертификаттарды үлестіруге болады. Сонда 6 ай әскери қызметін өтеп қайтқан бозбала-жігіт бірден жұмысқа орналаса алар еді.

Нәтижесінде, Қазақстанның армиясы азаматтар үшін "әлеуметтік лифтіге" айналады. 

Жалпы, ұқсас тәсіл Швейцарияда қолданылады. Әлемдегі ең ауқатты ел саналатын Альпы етегіндегі осы мемлекетте ер азаматтардың барлығы үшін қарулы күштерде қызмет ету міндетті саналады. Ол қызмет 260 күнге немесе 8,5 айға созылады. Ол мерзімді 10 жылға бөліп алуға мүмкіндік беріледі.

9 миллиондай ғана адам тұратын Швейцарияның тұрақты армиясының 220 мыңға жуық жауынгері бар (2004 жылғы реформаға дейін 524 мың болған). Бірақ оларға миллионға жуық жауынгер кез келген уақытта көмекке келе алады. Себебі швейцариялық әскери міндетті азаматтар атыс қаруын және бүкіл амунициясын өз үйлерінде сақтайды. Тек оқ-дәрілер ғана арнайы ортақ қоймада ұсталады.

Швейцарияда армияға барудан ресми түрде бас тартуға болады. Бірақ бұл жағдайда бас тартқан азамат он жыл бойы өз табысының 3%-ын айыппұл түрінде төлеп, әскердің есепшотына аударып тұруға мәжбүр болады.

Бұл ел де бейбітсүйгіш әрі бейтарап саналады. Бірақ бізден артықшылығы сол, оның дәл іргесінде Ресей мен Қытай сияқты империяшыл көршілері жоқ. Демек озық елдердің өмір сынынан өткен тәжірибесін қабылдасақ, тек озамыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу