Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов редакция тілшісіне берген сұхбатында әскерде реформа неден басталуы керек екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Соңғы уақытта елімізде әскердегі әлімжеттік мәселесі өрши түсті деуге негіз бар. Отан алдындағы борышын өтеуге барған сарбаздардың соққыға жығылғанын, үйіне мүгедек болып оралғанын немесе қаза тапқанын естіп жатырмыз. Аягөз гарнизонында офицердің кенеттен көз жұмуы, әскерге сау боп барған Ербаян Мұхтардың мүгедек боп оралуы... Бұған қашан тоқтау болады? Не істеуіміз керек?
– Бір сөзбен айтқанда, елімізде Қарулы Күштерде әрбір жаңа толыммен келген жас қазақтың баласын "мынау менің отандасым, бауырым, бұл біреудің сүйікті баласы, осыны жақсы жауынгерлік өнерге үйретіп, жігері мен күшін қосып, ата-анасына аман-сау тапсырып, мерзімді әскери қызметі аяқталған соң қайтарып жіберейін" деп ойлаған командир болмаса, бұл жайсыз оқиғалар әлі жалғаса береді. Қашан бұл тоқтайтынын айту қиын. Егерде жанашыр командир тәрбиелемесек, бұл оқиғаның шегі болмайды. Не істеуміз керек? Істейтін қызмет көп. Әскери құрамға жас толым келетін мерзімнің алдында, яғни қырық бес тәулік бұрын, сол жас сарбазды қабылдайтын әкімшілікті іріктеп, таңдап, сынақтан өткізіп, даярлау керек. Әрбір ұжым құралу сәтінен бастап, даму процесінде үш кезеңнен өтеді. Бұл – адамзат қоғамының заңы. Аталған үш кезең жеке тоқталсақ. Енді ғана әскер қатарына кірген жас сарбазда ең әуелі "адаптация" кезені басталады. Командирдің осы кезеңдегі міндеті – бір қалыпқа түсіру. Оған қалай қол жеткізуге болады? Қатал талаппен, әскери жарғыны жас сарбазға жақсы ұғындырып меңгерту қажет. Азаматтық өмірдегі әдеттерін ұмыттыруы үшін қызмет жасауы керек. Біреуі ерке, біреуі бұзақы, біреуі зейінді болуы мүмкін, ал әскери ұжымда барлығы бірдей болуы керек.
Екінші кезең "дифференциация" деп аталады, яғни бөліну, ерекшелену кезеңі. Әскери ұжымда бұл кезең былай байқалады. Біраз уақыт өткен сайын әскерде шағын ұжымдар пайда бола бастайды. Біреулері жерлестер, бірлеулері музыка әлде спорт, тағы басқа әуесқой жауынгерлер. Осы кезеңде дұрыс ұжымдар да, дебошир ұжымдар да қалыптасады. Командирдің міндеті – дұрыс және белсенді жауынгерлерді жинап, жақсы микроұжымдардағы сарбаздарды қосып, әскери ұжымның сапасын көтеру. Бұлардан әскери ұжымның негізін құрастырған сайын қалғанын оларға қосу әдісін табу қажет. Қалған дебошир, жалқау жауынгерлерді командир жинаған белсенді ұжым өздері тәрбиелеп алады. Осылай ұжым әбден пісіп, біріне жанашыр болып, қолдайтын кезең "синтез" деп аталады. Осындай жағдайға жеткен әскери ұжымда ешкім мерт болмайды, зорлық-зомбылық, буллинге ұшырамайды, өлім де болмайды. Жауынгерлік қабілеті де жоғары болады.
– Әскери салаға реформа қажет екені жөнінде жиі айтылады. Оның нақты тетіктері қандай болуы керек деп ойлайсыз? Біз мәселенің себебімен емес салдарымен күресіп жатқандаймыз.
– Еліміздегі Қарулы Күштері құрылған ең басты мақсаты – ұлтымызды, жерімізді, мүддемізді, құқығымызды, адами бостандығымызды, мемлекетімізді жаудан қорғау. Қарулы Күштеріміз құрылғалы отыз екі жыл өтті, отыз үшінші жылға аяқ басты. 1992 жылдары еліміздің жеріндегі әскери салаларды өзіміздің юрисдикциямиызға көшіру оңайға түскен жоқ. Кешегі Мәскеуге ғана бағынып үйренген әскери қолбасшылар бізді менсінбейтін. Осындай жағдайдан өттік, түгелін қаражат пен әскери қызметке қажет заттармен қамтып, қолға алдық. Былайша айтқанда, Қазақстанның Қарулы Күштерінің темір жолының негізін, рельсін қажет бағыттарға қаратып салдық. Бұл Қазақ елінің бірінші Қорғаныс министірі Сағадат Нұрмағамбетовтің басшылығымен жүргізілді.
Кейінгі жиырма тоғыз жылда он екі министр ауысты. Оның ішінде кәсіби әскери үш қана министр болды. Ол азаматтардың жетістіктері де бар, бірақ қателіктері де жоқ емес. Қалған тоғыз азамат салалық қызмет атқаратын министр міндетіне жарамады. Қазақстан қорғаныс саласы алға басқан жоқ. Олардың арасында үш азамат қорғаныс саласына мүлдем қатысы жоқ адамдар болды. Әскери білімі, тәжірибесі шектеулі, мемлекетті қорғайтын әдістерді қалай қолдану туралы ұғымдары жоқ азаматтар болды. Осы басшы азаматтармен Қазақстан қорғаныс саласына көп зиянын тигізетін ағымдар келді.
Бүгін реформа жасалатын болса, сол зиянын тигізетін субстанцияларды жою керек. Түгел, қорғаныс саласына бөтен, қиылыспайтын заттардан тазартуы керек. Буынды-буынды жердегі лауазымдарға кадрларды ауыстырып, әскери мамандарды тағайындау керек. Әскери ғылымды ана тілімізге көшіру керек, сонда түгел генералдар, офицерлер қазақша бұйрық беріп, техникалардың нұсқауларын қазақша меңгеретін болады.
Біріншіден, аспаннан, ғарыштан барлау-бақылау жүргізіп шабуыл жасайтын, жаудың күшіне қарсы тұратын әскери салалар құру керек. Екіншіден, алыстан соққы беретін қару-жарақпен Қарулы Күштерді қамтамасыз ету қажет. Байланыс, барлау-бақылау, тыңшы және басқару жүйе мен салаларды нығайтып, ұдайы жауынгерлік жаттығу өткізу керек. Сонда ғана жаңа реформа жүре бастайды. Ескі жүйені түзету өте қиын болады. Егер де, осы ескі бұзылған дүниені түзетуге бел бусақ, сіз айтқан мәселенің себебімен емес, салдарымен күресіп жатқанымыз болады. Тамыры қалса, ол ертең қайта өсіп шыға келеді.
– Президент өз Жолдауында "сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты" деп айтқан болатын. Мемлекет басшысының бұл сөзін армия басшылығы қаншалықты негізге алып жатыр деп ойлайсыз?
– Бүгінде Президенттің тапсырмасын дұрыс түсініп, соны өз қызметінде басшылыққа алып, орындауға ұмтылған әскери қызметтегі жоғары лауазымды басшылар бар деп айта алмаймын. Ондай әскери қызметкерді, басшыларды байқағаным жоқ. Егер де бұл бағытта қарқынды қызмет істеліп жатса, мынадай орынсыз оқиғалар болмаушы еді.
– Жақында Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ең әуелі шенеуніктердің балаларын әскерге баруды міндеттеу қажет екенін айтты. Сіз бұл ұсынысқа қалай қарайсыз?
– Бұл Ринат інімнің айтқанын іс жүзіне асырдық дейік. Елді қорғау міндеті – кімнің баласы болса да, әр Қазақстан азаматының борышы. Шенеуніктердің балалары әскерге барса, еліміздің Қарулы Күші балабақша болып кетеді деп ойлаймын. Қазіргі Қарулы Күшінің әлеуеті соған жақындаған сияқты. Негізгі мақсат – Қарулы Күш елді қорғау үшін қажет, бала бағып, бала тәрбилеу үшін емес. Соны ұмытпай, қорғаныс саламыз жолдан адаспауы тиіс.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!