"Әскери баспана" ипотекалық бағдарламасының жаңа талаптары әскерилер үшін қиындық тудырып жатқан сыңайлы. Өйткені, биылғы 26 қаңтардағы жағдай бойынша, бағдарламаға өтінім берген 1 380 адамның 459-ы ғана қоныс тойын тойлаған. Сонда арнайы есепшотқа үзбей қаржы жинап отырған әрбір үшінші адам баспаналы болған. Мұның бірден-бір себебі бағдарлама бойынша қайталама нарықтан пәтер алуға тыйым салынды. Бұрын олай емес еді. Дегенмен, бұған дейін бағдарлама бастапқы және қайталама нарықтарды, сондай-ақ салынып жатқан құрылысты да қамтиды делінген болатын.
"Отбасы банк" өкілдерінің түсіндіруінше, "Әскери баспана" банктің жеке бағдарламасы. 2018 жылы іске қосылды. Сондықтан банк отан қорғаушыларға тұрғын үй несиесін өз қаражаты есебінен береді. Алдымен конкурс жарияланады. Оған тұрғын үй төлемін алып отырған әскерилер өтінім бере алады. Бағдарлама бойынша пәтерді еліміздің кез келген қаласынан алуға мүмкіндік бар. Бұл ретте тұрғын үй төлемін тұрғын үй сатып алуға бір рет қана пайдалануға болады.
"Отбасы банк" қорландыру көзі ретінде нарықтық жағдайлар бойынша нарықта қаражат тартады. Сондай-ақ жалғыз акционерге – "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингіне дивидендтер төлегеннен кейін, банктің иелігінде таза табыс түрінде қалған өз қаражатын пайдаланады. Бағдарлама бастапқы жарнаның мөлшеріне байланысты екі нұсқада жұмыс істейді – "Әскери баспана 8/15" және "Әскери баспана 6/50". Биыл "Әскери баспана" бағдарламасының шарттарына өзгерістер енгізілді. Енді оның мүшелері тек жаңа тұрғын үйді сатып ала алады. Бұл Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар пайдалануға берілген тұрғын үй немесе салынып жатқан тұрғын үй болуы мүмкін", деп түсініктеме берді "Отбасы банк" өкілдері.
"Отбасы банк" өкілдерінің пікіріне зер салсақ, жаңа баспана сатып ала отырып тұрғын үй төлемін алушылар бірқатар артықшылыққа ие болады. Біріншіден, берілетін үйлер қазіргі заман стандарттарына сай болады: пластикалық терезе, биік төбе, үлкен ас үй, жаңа коммуникация. Екіншіден, бөлмені өз ыңғайына қарай жоспарлауға болады. Үшіншіден, құрылыстың бастапқы сатысында алса, арзанға түседі. Дегенмен, ол үшін күту керек. Ал қазір бір жалақыға пәтер жалдау, отбасыны асырау әрі бастапқы жарнаға ақша жинау айтуға ғана оңай. Сондықтан қайталама нарықтан пәтер алудың да өз артықшылықтары бар. Мәселен, пәтер жалдау машақатынан арылады әрі үйдің құрылысы аяқталғанша күтудің қажеті болмайды. Демек, құрылыстың бастапқы сатысына ақша салу да әжептәуір салмақ жүктейтінін ұғыну маңызды. Ол аздай өңірлерде жаңа тұрғын үйлер салу қарқыны төмен екенін ұмытпаған абзал.
Деректерге сүйенсек, 2018-2021 жылдар аралығында бағдарлама аясында 245 млрд теңгеге 13 мың қарыз берілген. Сонда шамамен бір жылға 61,2 млрд теңгеден айналады. Қарап отырсаңыз, биылғы көрсеткіш бұған дейінгі деңгейден 4 есе төмен.
Жоғарыда "Әскери баспана" бағдарламасының екі бағыты барын айтты. Біріншісі – "Әскери баспана 8/15". Жинаққа үйдің 15 пайызын жинау керек. Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 8 пайыз. Кредиттеу мерзімі – 25 жылға дейін, несиенің ең жоғары сомасы 50 млн теңгеге дейін. Ал егер үйдің 50 пайызын депозитке жинайтындай мүмкіндік болса, "Әскери баспана 6/50" бағыты бойынша несиені 8 пайызға емес, 6 пайызға рәсімдеуге мүмкіндік бар. Мұнда 100 млн теңгеге дейін несие беріледі. Кредиттеу мерзімі – 25 жылға дейін.
Әскери қызметшілерге ыңғайлы болу үшін кредиттік өтінімді "консьерж – ипотека" сервисі арқылы онлайн беруге болады. Ол үшін otbasybank.kz сайтына кіріп, "бейне қоңырау" түймесін басу керек. Бейнебайланыс операторы өтінімді қабылдайды және ипотека алғанға дейін сүйемелдейді. Клиенттерге ыңғайлы болу үшін осылай жасалған. "Онлайн-ипотека" қызметін "Отбасы банкінің" 1 800 клиенті пайдаланған.
"Әскери баспана" бағдарламасына әрдайым сұраныс жоғары. Сондықтан "Отбасы банкіндегі" депозитке бастапқы жарнаға жинақ қалыптастыратын қатысушыларға басымдық береді. Бұл қатысушыларды таңдаудағы маңызды шарттардың бірі. Демек, маңызды міндеті – депозитке қаржы жинау керек. Айтпақшы, тұрғын үй төлемдерін "Отбасы банкіндегі есепшотына жинайтын әскери қызметшілер бірқатар артықшылыққа ие. Мәселен, олардың шоттарына 20 пайыз мөлшерінде мемлекет сыйлықақысы есептеледі және олар үшін төлем қабілеттілігін растау рәсімі жеңілдетілген. Бұған қоса, әскери қызметшілердің арнайы салымдары ерекше мәртебеге және қол сұғылмаушылық кепілдігіне ие. Бұл дегеніміз оларға шот иесінің басқа міндеттемелері бойынша тыйым салынбайды және басқа екінші деңгейлі банктер берілген несиелер бойынша мерзімі өткен берешекті өтеу үшін "Отбасы банктегі" ақшаға төлем талаптарын қоя алмайды", – деп түсіндірді банк өкілдері.