Ресей астанасында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Біріккен штаб басшысы Анатолий Сидоровтың қатысуымен бирифинг өтті. Брифинг барысында Нұр-Сұлтан, Бішкек, Ереван, Минск тараптары телекөпір арқылы байланысқа шығып, дәстүрлі стратегиялық жиынның биылғы ерекшеліктерімен танысты.
Биылғы оқу-жаттығу шаралары Беларусь, Тәжікстан және Ресей аумағында өтпек.
"Әлемде онсыз да саяси-дипломатиялық, әскери қарым-қатынас шиеленісіп тұр. Әскери-саяси ахуалды "ыстық нүктелерде" жекеменшік әскери ұйымдар мен әскери-криминалдық топтардың араласуы ушықтырып отыр. Жаһанда жаңа қарулану жарысы басталатынын болжаушылар бар. Осындай кезеңде 6 мемлекет бірге өткізіп келе жатқан "Әскери бауырластық – 2019" шарасының маңызы зор. Беларусь аумағында өтетін "Іздеу -2019" жаттығулары барлау ісіндегі бірлескен әрекеттерді жетілдіруге бағытталмақ. Ал Ресей аумағында өтетін "Эшелон-2019" жаттығуында әскери техникаларды бірлесіп пайдалану тәсілдері пысықталады. Тәжікстан аумағында "Мызғымас бауырластық" деген ұранмен қорытынды стратегиялық кезең өтеді. Бірлескен арнайы жаттығуларға 10 мыңға жуық адам қатысады деген жоспар бар. Сондай-ақ, 900-ден астам әскери және арнайы техника тартылады. Бұл бірлескен жаттығуларға Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдер бірнеше ай бойы дайындалды. Әскери полигондар мен материалдық-техникалық база толығымен жиынға дайын", –деді Анатолий Сидоров.
Телекөпірде ҰҚШҰ бақылауына кіретін аумақтардағы әскери-саяси ахуал да әңгімеге арқау болды. Анатолий Сидоров әскери технология бойынша көшбасшы саналатын елдердің түрлі әскери келісімдерден шығып, тұрақсыздық тәуекелдерін туындатып отыр деген пайым айтты. Ол сондай-ақ ҰҚШҰ мүшелеріне сырттан келетін қауіптер туралы болжам жасай келе, әскери бауырлас елдердің бұл сын-қатерлерге қаншалықты дайын екені туралы ақпарат берді. Біріккен штаб басшысы Орталық Азиядағы діни экстремизимнің қаупіне де тоқталып, Түркіменстан мен Тәжікстанға шекаралас аумақтар 11 мың содырдың бақылауында екенін айтты. Қауіпсіздік шараларын нығайтпаса, Орталық Азияның заңсыз қару мен есірткі трафигінің дәлізіне айналуы мүмкін екені де айтылды.
Есімжан Нақтыбайұлы