Әскери бөлімнен қару-жарақ ұрлаған күдікті өз шындығын айтты

24546

Қылмыстық істің басты фигуранты алғаш рет сот залында түсінік берді.   

Әскери бөлімнен қару-жарақ ұрлаған күдікті өз шындығын айтты

Түркістан облысы, Бадам елдімекеніндегі әскери бөлімде бірнеше қару-жарақ пен оқ-дәрілерді бір түнде қолды етіп, кезекшілікті тастай сала ізін суытқан кіші сержант Абылай Балғынбай қылмысқа баруыма командир міндетін уақытша атқарушы итермеледі дейді. Басшылық  тапсырмасын орындадым деген ол командир тіпті "Бәріне өзім жауап беремін" деді" деп отыр. Айтуынша, басшылық ақпанның 19-ынан 20-сына қараған түні қоймадан 100 автомат алып шығуды бұйырды дейді. Тіпті бұл қылмысқа дейін екі рет ұрлық жасап, қаруды сатып, ақшасын командирмен бөлісіпті. Айыпталушының сөзіне сенсек, алғаш рет тапанша сатқанында одан түскен пайдасының 15 мың теңгесіне командирдің кездесіп жүрген қызына гүл әкеп беріпті.  Ал екінші ұрлықтан келген пайдаға командир өзі мен кездесіп жүрген қызының ұялы телефонына қымбат нөмерін алып беріп, қалған қаржы кіші сержанттың өзінде бола беру керектігін, қажет болса, алатынын айтқан екен. 

"Мен командирдің тапсырмасымен бардым. Ол маған ыңғайлы сарбаздармен кезекшілікті қойып берді. Соңғы ұрлыққа бармай тұрып, онымен ақылдастым. Командир өз сөзінде  бұл қылмысты 1-2 күнде тындыруым керектігін, себебі жаңа басшылық қызметке келе жатқанын айтты. Оқиға болған күні таңертең (19 ақпан) ол кабинетінде маған қаруларды алып шығарда жолға кететін шығын және тағы да басқа жүріп-тұруыңа деп  190 мың теңге санап берді. Мен оны кезекшілігін тапсырып отырған әріптесіме беріп, менің карточкама аудару қажеттігін өтінішпен айттым.  Қасымдағы сыбайластармен қаруларды алып шыққан соң, екі тапанша және 9 оқ-дәрімен Алматыға кеттім. Мен онда ешқандай қашып жүрген жоқпын. Жалға пәтер алдым. WhatsApp қосулы болды. Командирден хабар күттім", – деді айыпталушы Абылай Балғынбай. 

Сот залында бұған дейін тергеуде айтылмаған мәліметтермен бөліскен басты күдікті полицейлерге сенімсіздік таныттым дегенді алға тартты.

"Тергеу кезінде тәртіп сақшылары соққыға жықты. Кінәмді толық мойындаймын деген түсініктемені қорыққанымнан жаздым" дейді. 
Айта кетейік, Абылай Балғынбай Бадам елдімекеніндегі әскери бөлімшеде келісім-шарт бойынша қызмет еткен. Кіші сержант 20 ақпан күні кезекшілігін тастап, қару-жарақпен қашып кеткен болатын. Оқиға болған күннің ертеңіне Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы 20 жастағы Абылай Балғынбайды ұстады. Көп ұзамай ІІМ Тергеу департаментіндегілер кіші сержанттың әскери бөлімді бір ай бойы тонап келгенін мәлімдеді. Күдікті ақпанның 19-ынан 20-сына қараған түні 30-ға жуық автоматты қолды еткен. Қоймадағы қаруларды алып шығу үшін оған сыбайластары жәрдемдесіпті. Бүгін аты шулы іске қатысты соттың екінші отырысы өтті. Айыпталушылар қатарында басты фигурант Абылай Балғынбайдан бөлек тағы 7 сыбайласы бар. 

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу