Елімізде әскери қызметкерлерге арналған тұрғын үй төлемінің мөлшерін есептеу тәсілін өзгерту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта ол өңірлердегі баға жағдаятына қарап белгіленуде. Қорғаныс министрлігі бірыңғай орташа республикалық мәнді бекітуді немесе төлем белгілеуді жинақтау және жалға деп бөлуді ұсынуда. Бұл туралы сенат отырысында қорғаныс вице-министрі Талғат Жанжүменов мәлім етті.
"Бүгінгі күні тұрғын үй төлеміне қатысты нақты проблема бар екені анық. Заң бойынша тұрғын үй төлемдері өңірлердегі орташа статистикалық көрсеткіш бойынша іске асатыны бекітілген. Бұл әскери қызметкерлерге бастапқы жарнаны дер кезінде жинауға мүмкіндік бермейді. Мысалы, біздегі ең төменгі мөлшер – 18 мың теңге – Жамбыл облысында, ал ең жоғарғысы Алматы мен Астанада. 18 мың теңгемен бастапқы жарнаны жинау өте қиын", – деп қорғаныс министрлігі басшысының орынбасары мәселенің мән-жайын түсіндіріп өтті.
Қорғаныс министрлігі мәселені шешетін бірнеше жаңа үлгіні қарастыруда. Оның біріншісі – барлық өңір үшін бірыңғай жалпы республикалық мәнді бекіту. Бірақ Алматы, Астана және батыс өңірдегі баспана бағасы еліміздегі көрсеткіштен асып кететіндіктен, төлемнің орташа мөлшерін анықтау қиын.
Ал екінші нұсқа гарнизондарды екі санатқа бөлуді көздейді. Бұл ретте бірінші санатқа Астана, Алматы және Атырауды қосу қарастырылып отыр. Ал екінші санатқа қалған облыстарды қосу керек деген ұсыныс бар.
"Қазір барлық тиісті есептеуді жасап жатырмыз. Бүгін қорғаныс министрі жинақтау бөлігі еліміз бойынша орташа, ал жалға алу бөлігі өңірлер бойынша әртараптандырылған болу керек деген нұсқаны ұсынды. Яғни егер ол қызмет атқарып жатса, онда жалға алу бөлігін Таразда қалдырады, мейлі ол сол бұрынғыша 18 мың теңге болсын. Ал жинақтау бөлігі орташа республикалық болу керек. 26 қазаннан бастап осы жұмысқа кірістік", – деді Талғат Жанжүменов.
Ұлттық ұлан бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов та тұрғын үй төлемдері бойынша толық қаржыландырудың болмай отырғанына шағымданды. 2018 жылдың 1 қаңтарында Ұлттық ұланның кредиттік борышкерлігі 1,6 млрд теңге болған. 2017 жылдың қарызын есептегенде ол 3,79 млрд теңгеден асып кеткен.
"Республикалық бюджеттік комиссия кредиттік қарызды төлеуге 3,476 млрд теңгені тек қазір ғана бөлді. Ал 2019 жылы тұрғын үй төлемі бойынша кредиттік қарызымыз 300 млн теңгеден асып кетеді, мұны қаржы министрлігі келесі жылдың бюджетін нақтылағаннан кейін ғана төлеуге уәде беріп отыр. Яғни бұл төлемді жыл сайын кешіктіру тәжірибесін көрсетеді. Бұл әскери қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуында көрінісі табатыны белгілі", – деп Руслан Жақсылықов мәселеге тоқталды.
Бұл тұрғын үй төлемдері әскери қызметкерлердің ипотекалывқ несиесін төлеуге жұмсалады. Ал уақытылы төлемеген жағдайда банк өсімақы қосады.
"Бұл жерде әр әскери қызметкердің төлемінде кешіктіру бар екені сөз болып отыр. Ал банктердің өзінің қатаң талаптары бар", – деп атап кетті Ұлттық ұлан бас қолбасшысы.
Еске салар болсақ, биылғы жылдан бастап әскери қызметкерлерде кейін баспана сатып алу үшін тұрғын үй төлемдерін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" депозитіне жинақтау мүмкіндігі пайда болды. Осы уақыттан бері қарулы күштердің 37 мың әскери қызметкері жеке арнайы шотын ашып, оған 30 млрд теңгеден астам ақша салынған. Қорғаныс министрлігінің болжамы бойынша, биылғы жылы ТҚЖБ-ның қатысуымен шамамен 2337 әскери қызметкер ипотекалық қарыз алу арқылы өз баспаналарына қол жеткізеді. 950 әскери қызметкер өтемақылық төлем алады деп жоспарлануда. Қызметтік тұрғын үй қорын жекешелендіру арқылы 482 әскери қызметкерге баспана беру қарастырылып отыр. Осылайша, 2018 жылы 4 мың әскери қызметкер баспаналы болады деген жоспар бар.
Карина Алимова