2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні

Каспийдегі қайғылы оқиғаға күдікті Қорғаныс министрлігінен 5 лауазымды тұлға ұсталды

Оларға "қызметке салғырт қарау" және "корабль жүргізу қағидаларын бұзу" бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады" деген айып тағылған. 

Каспийдегі қайғылы оқиғаға күдікті Қорғаныс министрлігінен 5 лауазымды тұлға ұсталды Фото: 24.kz

Күдіктілер – ҚР Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалары, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ұсталғандардың қатарында ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскерлері ротасының және "Қайсар" катерінің командирлері бар.

Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалып отыр. 

– "Хазар Қорғаны – 2026" оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.

24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде оқу-жаттығу барысында "Қайсар" катерінен жеке құрамды түсіру кезінде қолайсыз метеорологиялық жағдайда әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткені анықталды, – делінген хабарламада. 

Тергеу барысында оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру және орындау кезінде шешімдердің қабылдану мән-жайлары, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі, катердің техникалық жай-күйі, сондай-ақ оқу-жаттығуды өткізуге және жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттері зерделенуде.

Қажетті тергеу және процестік іс-шаралар жүргізілуде. Барлық күдікті тұлғаның әрекеттеріне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға берілмек.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасының ерекше бақылауында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу