Әскерилердің баспаналы болу мүмкіндігі жоғары

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
26428

Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әскери қызметкерлердің тұрғын үй бағдарламасына қатысуын жеңілдетті. 

Әскерилердің баспаналы болу мүмкіндігі жоғары

Әскерилер мен арнайы мемлекеттік орган қызметкерлерінің Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы пәтер сатып алу мүмкіндігі артты. Бұдан былай оларға пәтер үлестіру конкурсына қатысудың қажеті жоқ. Өйткені Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі "әскери өнімнің" шарттарын оңтайландырды.

Нақтырақ айтсақ, 2019 жылдың мамыр айынан бастап әскерилер мен арнайы мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне тұрғын үй алуға берілетін кредит бірыңғай талаптар бойынша үлестіріледі. Яғни кредит жылдық 8 пайыз мөлшерлемемен беріледі. Сондай-ақ бастапқы жарна ретінде тиісті соманың 15 пайызын салу қажет.   

Бұл ретте тұрғын үйді таңдауда ешқандай шектеу жоқ. Берілген кредитке су жаңа пәтер сатып алуға болады немесе тұрғын үйдің үлестік құрылысына қатысу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ қайталама нарықтан пәтер сатып алуға жұмсауға да болады. Атап өтерлігі, тұрғын үйге қажетті кредитке баспаның жөндеу жұмыстарына жұмсалатын шығынды да қосып алуға да рұқсат етілген. 

Сонымен қатар жаңа тұрғын үй бағдарламасына басында жеке баспанасы бар, бірақ өз ведомствасы бойынша баспанаға мұқтаж деп танылған әскери қызметкерлер де қатыса алады.

"Жаңаланған тұрғын үй бағдарламасы бойынша 16 млн теңге көлеміндегі алғашқы кредит талдықорғандық әскери қызметкерге мақұлданды. Бұған дейін ата-анасымен бірге тұрып келген үш баласы бар отбасы енді жаңа үйдегі 4 бөлмелі пәтерге көшеді. Біздің болжамға сәйкес, биыл 4 мыңдай әскери қызметкер қоныс тойын тойлауы мүмкін. Банк оларға кредит беруге 59 млрд теңге бөлді", – деді Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

"Әскери өнім" бойынша берілетін кредит сомасы тұрғын үй төлемдерінің мөлшеріне байланысты есептеледі. Ал төлем мөлшері әрбір өңірге және отбасына құрамына тікелей байланысты. Яғни үлкен отбасыға үлкен пәтер беріледі. Сондықтан мамандар отбасын әлі құрмаған және сәби күтіп отырған әскери қызметкерлерге асығыстық танытудың қажеті жоқ дейді. Бұл жағдайда оларға тиімдісі – қаржысын тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне одан әрі жинай беру. Осылайша олар алдағы уақытта тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің классикалық схемасына сәйкес, яғни 3,5-5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен баспаналы бола алады.

Еске сала кетейік, былтыр әскерилердің тұрғын үй төлемдерін пайдалану механизмі өзгерген болатын. Өзгеріске сәйкес, олар тұрғын үй төлемдерін жалға алып отырған баспананың пәтерақысын төлеп қана қоймай, өзінің жеке пәтеріне жинауға да мүмкіндік алған. Отан қорғаушыларды қолдау мақсатында Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арнайы қаржы бөліп, олар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама 2025 жылға дейін жұмыс істейді. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап 2,5 мыңнан астам адам "әскери өнімді" пайдаланып, баспаналы болды.

Деректерге сүйенсек, қазіргі таңда 70 мыңнан астам әскери қызметкер тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, мемлекеттен алатын тұрғын үй төлемдерін сонда аударып отыр. Осы орайда банктегі арнайы салымдардың барлығы ерекше мәртебеге ие екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ оларға ешкім қол сұға алмайды. Өйткені, кепілдік берілген. Атап айтқанда, әскери қызметкерлердің салымын бюджет үшін тартып ала алмайды, бұғаттау да мүмкін емес. Екінші деңгейлі басқа банктер өтелмеген несие үшін аталған салымдарға қандайда бір талап қоя алмайды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу