Әскерилерге ескерткіш тақта орнатылды

2913

Ақтөбеде лаңкестік кезінде ерлікпен қаза тапқан батыр ұлдарға құрмет көрсетілді.

Әскерилерге ескерткіш тақта орнатылды

Ақтөбеде № 6655 әскери бөліміне жасалған қарулы шабуыл кезінде көз жұмған майор Даниэл Майлыбаевтың,  кіші сержант Берікжан Қалиевтің және қатардағы жауынгер Досбол Сапардың аты-жөндері мен қаза болған соң берілген марапаттары қатар жазылған ескерткіш тақта ашылды.

Бұдан бұлай бұл жер ант қабылдап, Отан алдында борышын өтеуге кіріскен жас сарбаздардың ұлттық рухын көтеретін орынға айналады.

5 маусым күні орын алған оқиғадан соң № 6655 әскери бөлімінің күзеті күшейді. Стратегиялық аймақ қатаң  бақылауға алынды. Ал бүгін әскери бөлім үшін ерекше күн болды. Мұнда лаңкестік кезінде ерлікпен қаза тапқан батыр ұлдарға құрмет көрсетілді.

Ескерткіш тақтаның ашылуына Парламент депутаттары, қаза болған әскери қызметкерлердің ата-аналары мен балалары және бауырлары қатысты.

"Ешкім Ақтөбеде лаңкестік орын алады деп ойлаған жоқ. Мен сол күні күзетке шықтым. Алғаш көрген кезде лаңкестер Досбол Сапаровты алдарына салып келе жатты. Біз лаңкестерге қарсы оқ ата бастадық. Сол кезде олар да бізге оқ жаудырды. Мен оң жақ көкірегім мен сол жақ аяғымнан жараландым. Ал қатардағы жауынгер Денис Чернышевқа 6 жерден оқ тиді.

Мен жараланған күйде атысты  жалғастыра бердім. Бір кезде біреу басыма қару тақады. Олар қару-жарық қоймасы қайда екенін сұрады. Жауап бермегенім үшін желкемнен ұрып, 8 рет пышақ сұқты. Сол жерде 10-15 минут жаттым. Бәрін естідім, бірақ көрмедім. Есімді ауруханада  жидым.

Менің арманым әскери қызметкер болу еді. Мектеп бітірген соң емтихан тапсырдым, бірақ оқуға түсе алмады. Шымкент қаласының Мұхтар Әуезов атындағы университетін тәмамдаған соң, өз еркіммен Отан алдындағы борышымды өтеуге келдім. Лаңкестік кезіндегі әрекетімді ерлік деп санамаймын, ал қаза болған қаруластарыма деген құрметім шексіз",–  дейді қатардағы жауынгер, бүгінде Шымкент қаласындағы № 6506 әскери бөлімінің қызметкері Сырым Сүндетов.

Лаңкестердің қолынан қаза болған Досбол Сапаровтың әкесі Еркінбек Әбдікарипов ерлікпен қаза болған ұлын мақтан тұтатынын айтты.

"Досбол - отбасымыздың тұңғышы болды.  Бізге оның қазасы өте ауыр тиді. Қанды оқиғадан бір күн бұрын ол анасымен сөйлесіп, жағдайы жақы екенін айтыпты. Ертесіне үйімізге қаралы хабар келді. Сенген жоқпын, әлі де сенгім келмейді.Ол 16 желтоқсанда үйге оралуға тиіс еді. Ұлымның Ант қабылдау рәсіміне келгенде, түбінде осы жерде келісім шартпен жұмыс істеуге кеңес бердім. Қарсы болмады. Бірақ біз бұл күнге жетпедік...", – деп жанарына жас алды Еркінбек Әбдікарипов.

Ескерткіш тақтаның ашылуына кіші сержант Берікжан Қалиевтің анасы мен келіншегі және қызы келді. "Әкем мен үшін батыр, нағыз ер азамат. Ол ақкөңіл еді. Әрқашан көмек көрсетуге дайын тұратын. Жұмысына адал болды", –  деп еске алды әкесін Гүлайна Еренова.

Естеріңізге сала кетейік, 5 маусымда 18 лаңкес № 6655 әскери бөліміне шабуыл жасады. Сол күні 3 әскери қызметкер қаза болып, алтауы түрлі дене жарақатын алды.

Әскери бөлім террористік әрекет кезінде ерлікпен қаза болғандарды еске алып, ескерткіш тақта ашты. Қызметтік міндеттерін адал атқарғандар "ҚР Құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталды.

Олар: майор Даниэл Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев, қатардағы жауынгер Досбол Сапаров. Марапат әскери қызметкерлердің бауырлары мен ата-анасына тапсырылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу