2024 жылы елімізде қатерлі ісіктен 12 712 адам қайтыс болды. Тағы 231 мың қазақстандық онкология бойынша есепте тұр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі редакцияның ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
Жақында медициналық сақтандыруы жоқ азаматтардың да енді онкологиялық скринингтен тегін өте алатыны туралы жаңалықты қоғам жылы қабылдағаны сөзсіз. Мәжіліс тиісті түзетулерді қабылдаған болатын.
Сарапшылар бұл жаңашылдық ауруды ерте кезден анықтап, уақытылы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді деп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2024 жылдың қорытындысы бойынша 231 019 адам қатерлі ісікпен есепте тұр. 2023 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 5,9%-ға өскен. 2023 жылы диспансерлік есепте тұрғандардың саны 218 186 адам болған.
Былтыр онкологиялық аурулардың 41 318 жаңа жағдай анықталды. ДСМ тиісті көрсеткіш 2023 жылға қарағанда 1,7%-ға төмендеді деп отыр.
"Елімізде профилактикалық шаралар белсенді дамуда, жаңа технологиялар мен диагностиканың әдістері енгізіліп, медициналық персоналдың біліктілік деңгейі арттырылып келеді. Обырды ең ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін заманауи скринингтік бағдарламаларды енгізуге басымдық беріліп отыр. Бұл жалпы денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені төмендетуге көмектеседі. Қазір окнологиялық аурулармен ауыратын науқастарға Үкіметтің 2023 жылғы 5 қазандағы № 874 қаулысымен бекітілген онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспардың шеңберінде медициналық көмек көрсетіледі", - деп хабарлады министрлік редакцияның ресми сауалына.
Скринингктік зерттеп-қараулар Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-174/2020 бұйрығымен бекітілген Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы қарап-тексерулерді өткізудің қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Еліміздің азаматтары аталған қағидаларға сәйкес жас ерекшеліктеріне қарай скринингтік зерттеп-қараулардан өте алады. Онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында елімізде сүт безі обырын, жатыр мойны обырын және колоректальды обырды ерте анықтауға арналған скринингтік зерттеп-қарау жүргізіледі.
Ең жиі тіркелетін онкологиялық ауру түрлері
Құзырлы орган елімізде ең жиі тіркелетін онкологиялық ауру түрлерін де атады.
"Қатерлі ісікпен сырқаттанушылық құрылымына келсек, 2024 жылы бірінші орында сүт безі обыры тұр – 5 652 жағдай. Екінші орында – колоректальды обыр (4 029 жағдай), үшінші орында – өкпе обыры (3 833 жағдай). Одан кейінгі орындарда асқазан обыры (2 907 жағдай), жатыр мойны обыры (1 921 жағдай) орналасты. Қатерлі ісіктен болатын өлім көрсеткіші 2024 жылы 100 мың халыққа шаққанда 63,1-ді көрсетті. Яғни, аталған сырқаттан 12 712 адам қайтыс болған. 2023 жылы қайтыс болғандар саны – 12 958", - деп хабарлады министрлік.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы қатерлі ісіктен қайтыс болғандардың құрылымында: бірінші орында – өкпе обыры (16,2%), екінші орында – асқазан обыры (11,2%), үшінші орында – колоректальды обыр (10,6%), төртінші орында – сүт безі обыры (8,1%), бесінші орында – (6,1%).
Енді МӘМС-те тіркелмегендер де онкоскринингтен тегін өте алады
Жақында Мәжілістің жалпы отырысында ел асыға күткен маңызды құжат қабылданды. Депутаттар денсаулық сақтау саласындағы нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда қарады.
Енді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясындағы көрсетілетін қызметтер тізіміне онкологиялық ауруларды ерте анықтау бойынша скринингтік зерттеулер де енгізіледі.
Оған сәйкес, МӘМС-тен тыс қалған 3,5 млн қазақстандық онкоскринингтен тегін өте алады. Сарапшылар бұл жаңашылдық тегін медициналық көмектен қағылып отырғандар арасында жаман ауруды ерте анықтауға мүмкіндік береді деп отыр.
Онкоскринингтің сақтандыру мәртебесіне қарамастан елдегі барлық азаматқа қолжетімді болуы көптің көңіліне үміт сыйлағаны анық. Себебі алдын ала скринингтен өтпеу, қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтамау аурумен күресте қиындықтар әкеледі. Ал жаман ауруды үшінші, төртінші кезеңде анықтағаннан айтарлықтай нәтиже де болмайды.