Асланбек Шымбергенов Белградта өзбекстандық боксшыны жеңді

1227

Рингке шыққан төрт боксшымыз да алғашқы кездесулерін жеңіспен аяқтады.

Асланбек Шымбергенов Белградта өзбекстандық боксшыны жеңді

Бокстан әлем чемпионатының бесінші күнінде қазақстандық боксшылар өз жанкүйерлерін қуантты. Белградтағы шаршы алаңға еліміздің атынан төрт боксшы көтеріліп, барлығы да өз жекпе-жектерін жеңіспен аяқтады. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Алдымен 54 келіде еліміздің намысын қорғауға, соңғы жылдары өзіне мамандар назарын аудартқан Махмуд Сабырхан көтерілді. Қарсыласы Оңтүстік Кореялық Ким Ин Гю. Түркістан облысының өкілі кездесуді қиындықсыз өз пайдасына шешті. Қортынды есеп 5:0. Махмуд Сабырханның келесі қарсыласы шотландиялық Мэттю Макхейл. Бұл жекпе-жек 31 қазанға жоспарланған.

Күндізгі сессияда тағы бір қазақстандық, 92 келіде өнер көрсететін Айбек Оралбай поляк боксшысы Матеуш Березницкийден 4:1 есебімен басым түсті. Айбектің келесі қарсыласы этникалық қазақ, Өзбекстан өкілі Мадияр Саидрахимов белорусь боксшысы Владислав Смягликовті еш қиындықсыз жеңді.

Кешкі сессияда ағайынды Төлтаевтардың үлкені Саматәлі 60 келі салмақ дәрежесінде рингке көтерілді. Қарсыласы тайландтық Хунатип Пидунчті 3:2 есебімен тізе бүктірді. Саматәлі Төлтаевтың келесі қарсыласы Колумбия өкілі Дувае Зулета Морено. Кездесу 31 қазан күні өтеді.

Кешкі сессияның басты жекпе-жегі Асланбек Шымбергенов пен Рио Олимпиадасының финалисті Шахрам Гиясов арасында болды. Қазақстандық алғашқы раундта белсенді қимылдап, өз пайдасына жазды. Есеп 5:0. Екінші раундта төреші Асланбекті жеңімпаз деп таныды. Нәтижесінде Шымбергенов 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Кездесу аяқталған соң: "Өте ауыр жекпе-жек болды. Құдайдың қолдауымен, бапкерлердің айтқандарын орындап, соңында жеңдім. Барлықтарыңыздың қолдауларыңызға рақмет!", - деп Асланбек өз ойын түйіндеді.

Асланбек ширек финал жолдамасы үшін неміс боксшысы Магомед Шахидовпен 31 қазан күні кездесу өткізеді. Әлем чемпионатының барлық кездесулерін "Qazsport" арнасының тікелей эфирінен тамашалай аласыздар. Күндізгі сессия Нұр-Сұлтан уақытымен 17:00-де басталса, кешкі сессия 22:00-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу