Бокстан Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін екі отандасымыз өнер көрсетті. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. 71 келіде шаршы алаңға Асланбек Шымбергенов көтерілді. Құраманың 90 пайыз өкілі секілді Асланбек те мұндай ірі жарысқа алғаш рет қатысып отыр.
Ирандық Фархад Морадимен кездескен боксшымыз алғашқы раундта-ақ 1/16 финалдың жолдама тағдырын шешіп қойды. Қабағы жарылған қарсыласы жекпе-жекті ары қарай жалғастыра алмады. Шымбергеновтың келесі қарсыласы өзбек Шахрам Гиясов.
Бокссүйер қауым 86 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Бек Нұрмағамбеттың жекпе-жегін асыға күтті. Кәсіпқой бокста әбден ысылған спортшыдан көрермен жүлде күткен. Дегенмен оның қарсыласы осал болмай шықты. Жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы бразилиялық Кено Мачадо отандасымыздан айла асырды. Осылайша Бек төрешілердің бірауыздан шешімі бойынша жеңіліс тапты.
Жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы бразилиялық Кено Мачадо отандасымыздан айла асырды. Осылайша Бек төрешілердің бірауыздан шешімі бойынша жеңіліс тапты.
Осылайша қазақстандық алты боксшының бесеуі келесі айналымға өтті. Олар Асланбек Шымбергенов (71 келіге дейін), Нұрқанат Райыс (75 келіге дейін), Серік Теміржанов (57 келіге дейін), Қазақстан құрамасының капитаны Абылайхан Жүсіпов (67 келіге дейін) және әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде Сенсация жасап, өзбекстандық Хасанбой Дусматовты жеңген Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов.
Бокссүйер қауым жекпе-жектерді "Qazsport" арнасының тікелей эфирінде көре алады. Күндізгі сессия елорда уақытымен 17:00-де басталса, кешкі сессия 22:00-ге жоспарланған.
Ермұхамед Мәулен