"Астана" 6 гол жіберді

1700

Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде бақ сынаған "Астана" ірі есеппен жеңіліп қалды.

"Астана" 6 гол жіберді

Чемпиондар лигасының іріктеу жарысының тәртібі өзгерді. Енді матчтардың барлығы бұрынғыдай 2 кездесуден емес, 1 ғана матчтан тұрады. Жеребенің анықтап берген қарсыласы "Динамо" Брест командасы елордалықтарға алынбас қамал болды. Матчтың 22 минутында есеп 3-0 болып, алаң иелері "Астананы" есеңгіретіп тастады. Қақпашы Дмитрий Непогодов қолайсыз күн райының кесірінен қақпасына голдарды бірінің артынан бірін жібере берді.

Жүйкесі сыр берген Михал Билек бірден ойыншыларды алмасытырып, Барсегян мен Ротариуды алаңға кіргізді. Бірақ, олардың алаңға шыға салғаны сол еді, Павел Седько есепті 4-0-ге жеткізді. Белоруссиялық футболшылар миллиондап жалақы алатын Қазақ командасынан бір бас жоғары екенін дәлелдеді. Марин Томасовтың алыстан шірене тепкен добы қақпа торында тулап, Қазақстан чемпионы үміт отын қайта жақты. Алайда, екінші таймда Брест футболшылары алған беттерінен қайтпай тағы гол салды. Ал Дорин Ротариу мен Абзал Бейсебековтердің голдары есеп айырмасын қысқартты демесеңіз, еш кәдеге жарай қоймады. Қорытынды есеп 6-3, "Динамоның" пайдасына.

"Астана" бюджеті мен тәжіриесі жағынан "Динамодан" мықтырақ еді. Алайда, 150 күн бойы карантиннің кесірінен футбол ойнамаған "Астана" осылайша оп-оңай жеңіліп қалды. Енді елордалық команда Чемпиондар лигасымен қош айтысып, Еуропа лигасы жарысына қатысады. Оның жеребесі жақын арада өтеді. Енді "Астана" өткен жылғыдай Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне қатысып, әлсіз ұжымдармен ойнайды. Демек, Қазақстан атынан Еуропа лигасында ойнайтын клубтардың саны енді төртеу болды деген сөз.

"Динамо-Брест" (Беларусь) – "Астана" – 6:3

Голдар: Михаил Гордейчук 16, 22, Кирилл Печенин 17, Павел Седько 37, Абдулай Диалло 55, 90 – Марин Томасов 45, Дорин Ротариу 53, Абзал Бейсебеков 87

Ескерту: Габи Кики 35

"Динамо-Брест": Сергей Игнатович (В) – Кирилл Печенин, Габи Кики, Евгений Хачериди, Роман Юзепчук – Сергей Кисляк (К) (Сергей Кривец 73), Дэвид Тэкло, Павел Седько – Михаил Гордейчук (Павел Савицкий 73), Артем Милевский (Артем Быков 86), Абдулай Диалло;

"Астана": Дмитрий Непогодов (В) – Абзал Бейсебеков, Лука Шимунович, Урош Радакович, Дмитрий Шомко (К) – Иван Маевский, Юрий Перцух (Дорин Ротариу 34), Макс Эбонг, Марин Томасов – Пиерос Сотириу, Алексей Щеткин (Тигран Барсегян 34).

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу