Астанада эксплуатациялық алым көлемі қымбаттауы мүмкін

2583

Тариф 1,6 есе көтерілмек. 

Астанада эксплуатациялық алым көлемі қымбаттауы мүмкін  Фото: elements.envato.com

Қалалықтардың тілегіне құлақ асқан билік бұрын заңда бекітілген жоспарынан, яғни биылғы 1 шілдеден бастап ПИК (КСК) атаулыны жоюдан бас тартты. Тиісінше, таяуда Парламент заңнамадан пәтер иелері кооперативтері түріндегі көп пәтерлі тұрғын үйді басқару нысанын жою туралы норманы алып тастады. Енді басқа заң жобасы аясында оларға және басқарудың басқа нысандарына қатысты жаңа талаптар қабылданатын болады.

ПИК-тер бұрынғы заң бойынша 2022 жылғы 1 шілдеде өз жұмысын тоқтатып, басшылық тізгінін МИБ-терге (мүлік иелерінің бірлестігіне) тапсыруға тиіс еді. Бірақ реформа шабан жүргендіктен кооперативтерді жою науқаны тағы бір жылға ұзартылды. Ақыры ол реформадан түк шығара алмаған Үкіметке енді кері шегінуге тура келді. Себебі МИБ-терде сырттан басқарушы шақыруға тыйым салынған, бірлестік төрағасы тек тұрғындар арасынан сайлануға тиіс. Бұл көп қабатты тұрғын үйлерді мекен ететін қалалықтарды қақтығыс пен тайталасқа соқтырды. Көршіні көршіге қарсы қойды.

Әсіресе, тұрғын үйді басқаруға қатысты алапат дау-жанжалдар өрті елордада қаулады. Мысалы, ақпарат құралдары елордада билік өкілдері тұратын Highvill тұрғын үй кешеніндегі соттасуға дейін ушыққан жанжал жайын жан-жақты жазды. Айына тұрғындардан 150 миллион теңгеден артық алым жиналатын тұрғын үй кешенінің бір подъезінде қос МИБ-тен құрылып, олар өзара текетіреске түсті. Тұрғындар өз көршісі, депутат А.Рауды соның бірінің шашбауын көтерді деп айыптаған еді.

2023 жылғы 19 сәуірде өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы тартысқа бұрынғы және қазіргі Мәжілістің депутаты Альберт Раудың қатысы барын білетінін меңзеді.

Жалпы, қалалықтарға МИБ-ке қарағанда, ескі ПИК-тер ыңғайлы болып шықты. МИБ көршілер арасына от тастайды: басшы болғысы келген пайдакүнем адамдар тұрғындарды өз командаларына бөліп алып, бір-бірімен ашық қырқысып жатыр. Іс басындағы МИБ төрағасы барлық мәселеде өзін үнемі қолдап, дауыс беретін тұрғындармен ымыраласып, оларды тіпті эксплуатациялық алымды төлеуден босататынды шығарды.

Ал көршілері өзара жақсы араласатын, ұжымшыл, ұйымшыл тұрғын үйлер ПИК-ті сақтап, басқаруға сырттан білікті басқарушыларды шақыра алды. Бірақ олардың арасына енді әкімдік іріткі салуы мүмкін.

Астана қаласының әкімдігі елордалықтардың наразылығын туғызған мәслихат шешімінің жобасын жариялады.

Құжат "Астана қаласында 2023 жылға кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең аз мөлшерін бекіту туралы" деп аталады.

Егер жаңа әкім оны осы күйде құптап, жаңа сайланған мәслихат қабылдаса, онда Астанада эксплуатациялық алым көлемі күрт қымбаттайды.

Құжатқа сәйкес, Астана қалалық мәслихаты "қалада 2023 жылға арналған кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстардың ең төменгі мөлшері 1 шаршы метр үшін 57 теңге сомасында бекітілсін" деген шешімге келді. Мәслихат шешімі биылғы 21 маусымнан кейін қабылданады деп жоспарланған.

Қала билігінің бұл жоспары астаналықтардың ашынысына түрткі болды. Өйткені елордада онсыз да барлық саланы қымбатшылық жайлады. Енді ПИК жинайтын алым күрт атқалы тұр. Әрине, сәнді, салтанатты, жайлылық сыныбы жоғары тұрғын үй кешендері бұдан әлдеқайда көп төлейді. Орта есеппен 80–120 теңгені құрайды. Үйдің әкімшілік шығыстары баспананың әр шаршы метрі үшін 2 мың теңгеге дейін баратындары да бар.

Бірақ көп қабатты ескі үйлерде, бірқатар жаңа, соның ішінде "әлеуметтік" үйлерде тұрғындар ескі тарифпен әр шаршы метр үшін 35–40 теңгеден төлеп келеді (жөндеу және басқа қосымша шығыстар үшін жеке жиналады). Енді қала билігі бұл тарифті бірден 1,6 есеге қымбаттатпақ.

Елорда тұрғыны, қала белсендісі Жанболат Алмазов қалалық шенеуніктерді онсыз да қымбатшылықтан титықтаған тұрғындарға қосымша ауыртпалық түсірмеуге шақырды. Ол Әділет министрлігінен Қасымбектің командасы ұсынып отырған бұл нормативтік құқықтық актіні бекітпеуді өтінді.

"Кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстардың ең төменгі мөлшері 1 шаршы метр үшін 35 теңгеден аспауға тиіс. Егер оны көтергісі келсе, әрбір үйдің тұрғындары жеке дауыс беріп, өздері шешсін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы №166 бұйрығына сәйкес, кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған жарналардың мөлшері жұмыстардың тізбесіне, құрамына, кезеңділігіне байланысты есептеледі. Оның нақты формуласы бекітілген. Әкімдік бұл жаңа тарифтің қандай формуламен есептелгенін ұсынбай отыр", – деді Ж.Алмазов.

Астана әкімдігі өз есептемесінде аталған бұйрықпен бекітілген "Кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар сметасын есептеу әдістемесін" басшылыққа алып отырғандарын жеткізді. 

"Аталған шығыстардың ұсынылған ең төменгі мөлшері міндетті жұмыстар мен қызметтер құнына қарай қалыптастырылды. Бұл ретте кем дегенде 3 коммерциялық ұсыныс негізге алынды. Ортақ мүлікті күтіп-ұстауға арналған жарналардың мөлшерін есептеуде жұмыстар мен қызметтердің тізбесі, құрамы және кезеңділігі қолданылады", – деп қысқа жауап берді әкімдік. Бірақ ол үш коммерциялық ұсыныстың қандай басқарушы компаниялардан алғанын нақтыламады.

Астаналықтар алымның минималды мөлшерінің күрт көтерілуіне қарсы.

"Билік ең төменгі мөлшерді бекіту тәжірибесінен бас тартқаны жөн. Мұны тұрғындардың өзіндік реттеуіне қалдыруы қажет. Дауыс беру арқылы тарифтің көлемін тұрғындардың өздері анықтасын. Әлі күнге дейін баспананың шаршы метрі үшін 35 теңгеден төлеп келе жатқан үйлер жетерлік, олардың ПИК-тері сол ақшаға мәселелерді шешуде. Себебі, ПИК басқарушылары бірден бірнеше үйге қызмет көрсетеді. Шенеуніктер азаматтарға қосымша проблема тауып беріп, әлеуметтік кернеуді ушықтырмағаны жөн. Тұрғындарға ескі баспанасының әр шаршы метр үшін 57 теңгеден төлеп отыру қиынға түседі. Халықтың жалақысы аз. Ал алымдар барған сайын көбеюде. Егер Астана әкімі талабымызды тыңдамаса, Президентке хат жазамыз", – деді Жанболат Алмазов.

Астаналық Жанар Аманбекова да бұл шешімнің жобасына қарсы екенін жеткізді.

"Тым көп көтеріп отыр. Әр шаршы метр үшін 40–50 теңгеден болсын деп бекітсе де жетер еді. Барлығына бірдей тариф орнатылғаны жөн. Тұрғын үйлерде коммерциялық нысандар орналасқан, бұдан соң олар да бірден бағаларын көтереді. Қарапайым жұмысшылардың жалақысы көтеріліп жатқан жоқ", – деді қала тұрғыны.

Құжатты әзірлеуші кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төменгі мөлшері 1 жылға бекітілетінін еске салды. Бұл тариф инфляцияға қарай қайта есептеліп отыр екен. Инфляция болса, жыл сайын тек шарықтап барады. Президент пен Парламентке былтыр уәде берсе де, Үкімет оны сол бойы құрықтай алмады. Демек, бұл түрлі алымдар көлемін көтерудің тек басы ғана сияқты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу