Астана атауын ауыстыру дүйсенбіге шегерілді

2125

Әділет министрлігі заңның мәтіні ресми БАҚ-та жарияланған соң Астана Нұр-Сұлтан қаласы болып ауыстырылатынын айтты.

Астана атауын ауыстыру дүйсенбіге шегерілді

Астананың атауы Нұр-Сұлтан болып ресми БАҚ-та және эталон банкте заң мәтіні жарияланған соң түпкілікті ауысатын болады, деп хабарлады еліміздің Әділет министрлігіне сілтеме жасаған Интерфакс агенттігі.

"Газеттерде және эталон банкте жарияланған соң күшіне енеді", – деп мәлім еткен Әділет министрлігіндегілер мәтін "Казахстанская правда" газетінде жариялануға тиіс екенін атап өтті.

БАҚ-тың мәліметінше, "Казправда" газетінің кезекті саны дүйсенбі шығады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сенбі күні Қазақстанның астанасын Нұр-Сұлтан қаласы деп ауыстыруға қатысты "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы" заңға, сондай-ақ тиісті жарлыққа қол қойды.

Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 20 наурызда елордасы Астананы Нұр-Сұлтан деп ауыстыру, сондай-ақ еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атын орталық көшелерге беру жөнінде бастама көтерген болатын.  Дәл сол күні парламент палаталардың бірлескен отырысында екі оқылымда қарап, Астананың атауын ауыстыру туралы Конституцияға түзетулер енгізу туралы заңды қабылдады.

Әйтсе де бейсенбі және жұма күндері Астана мен Алматы қалаларында елорда атауын ауыстыруға қарсылық митингілері өтті. Куәгерлердің мәліметі бойынша, Астанада 60 шақты, Алматыда 20-дай адам ұсталған. Аталған қалалардың полиция департаменттерінде ұсталғандар туралы ақпарат беруден бас тартты.

Іргетасы 1830 жылы қаланған қала әуел баста Ақмола деп аталды. Қала атауы 1961 жылы Целиноград деп ауыстырылды. 1992-1998 жылдары аралығында Ақмола атауы кері қайтарылды. Н.Назарбаевтың бастамасымен 1997 жылдың желтоқсанында Қазақстанның астанасы Алматыдан Ақмолаға көшіріліп, ал 1998 жылдың мамырында Астана болып өзгерді.

Елордасын Н.Назарбаевтың атымен атауды саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері талай мәрте көтеріп келді. Соңғы рет, 2016 жылдың қарашасында еліміздің депутаттары елорданың атауын Нұрсұлтан немесе Назарбаев деп ауыстыруды ұсынған болатын. Алайда мемлекет басшысы бұған қарсы болған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу