Елордалық "Астана" футболдан Қазақстан чемпионатының төртінші турында "Атырауды" қабылдады. "Астана Аренада" өткен кездесу 6:2 есебімен аяқталды.
Ойындағы алғашқы голды 12-минутта "Атырау" соқты. Алекс Джуниор қанжығасын майлады. 23-минутта Абат Айымбетов есепті теңестірді. 30-минутта "Астананы" алға шығарған Абзал Бейсебеков 38-минутта дубль авторы атанды. 35-минутта Алекс Джуниор пенальтиден гол соға алмады. 65-минутта Абат Айымбетов осы матчтағы екінші голын соқты. 78-минутта Брайан Гарсия есепті қысқартқан еді. Бірақ Роман Мұртазаев бұл голға қос голмен жауап берді. Бұл ойыннан кейін елордалық клуб 8 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Ал "Атырау" ең соңғы орында тұр.
"Қайрат" футболдан Қазақстан чемпионатының төртінші туры аясында "Тұран" клубын қабылдады. Алматыдағы Орталық стадионда өткен матчта 5:1 есебімен алаң иелері жеңіске жетті.
Ойынның 2-минутында Айбол Әбікен алғашқы голды соқты. Араға үш минут салып Камо Оганесян есепті еселеді. 30-минутта Айбол Әбікен дубль авторы атанды. Ал бірінші тайм аяқталар тұста Хосе Канте өз командасының төртінші голын соқты. "Тұран" сапындағы жалғыз голды Қасым Таипов 90-минутта соқты. Бірақ ойынның нүктесін Адеринсола Эсеола қойды. Үш ұпайға еш қиындықсыз қол жеткізген алматылық ұжым алғашқы орынға шықты (10 ұпай). Ал 2 ұпайы бар "Тұран" он бірінші орында қала берді.
Сондай-ақ "Жетісу" Қазақстан Премьер-лигасының төртінші туры аясында "Тобылмен" кездесті. Талдықорған қаласындағы "Жетісу" стадионында өткен матч 0:2 есебімен қостанайлық клубтың пайдасына шешілді.
Ойынның 25-минутында Алекса Аманович есеп ашты. Ал ойынның нүктесін 74-минутта Элгуджа Лобжанидзе қойды. Осылайша грузиялық шабуылшы қостанайлық клубтағы алғашқы голын соқты. Сенімді түрде жеңіске жеткен Григорий Бабаян шәкірттері 8 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. Бірде-бір ұпайы жоқ "Жетісу" он екінші орында қала берді.
Ермұхамед Мәулен