Астана әуежайында 30-ға жуық рейс кешіктірілуде

1010

Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты елімізде жүздеген жол учаскелері де жабылған.

Астана әуежайында 30-ға жуық рейс кешіктірілуде

 Air Astana әуекомпаниясы ел аумағындағы қолайсыз метеорологиялық жағдайға байланысты рейстердің кешігуі және тоқтатылуы туралы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазіргі уақытта әуежай штаттық режимде жұмыс істейді, бірақ рейстер кешіктірілуде. Ұшып келуге тиісті 10 рейс, ұшуға тиісті 18 рейс кешіктіріліп жатыр. Оған елордадағы метеорологиялық жағдайлар мен әуе кемесінің кеш келуі себеп болып отыр", - делінген Астана әуежайының  баспасөз қызметінің хабарламасында.

Тасымалдаушының тарапынан рейс орындалмаған немесе кешіккен жағдайда әуекомпания әр 2 сағат сайын сусындар, 4 сағаттан кейін ыстық тамақ беретінін еске салды. Ақпаратқа сәйкес, егер рейстің кешігуі күндіз 8 сағаттан, түнде 6 сағаттан артық болса, тасымалдаушы жолаушыларды қонақүйге орналастырады, әуежайдан қонақүйге және кері бағытта көлікпен қамтамасыз етеді.

"Тасымалдаушының кесірінен рейс 10 сағаттан астам уақытқа тоқтатылған немесе кешіктірілген жағдайда, жолаушының таңдауы бойынша тасымалдаушы жолаушыны келесі рейспен діттеген жерге дейін жеткізуді қамтамасыз етеді немесе билеттің толық құнын қайтарады. Рейс мәртебесін Рейс-статусы сайтында қадағалау қажет. 

Рейс орындалмаған немесе кешіктірілген жағдайда, төменгі оң жақ бұрыштағы airastana.com веб-сайтында онлайн-кеңесшілерге немесе +7 702 702 01 48 WhatsApp нөміріне, сондай-ақ рейстің тоқтатылуы мен кешігуіне байланысты ақшаны қайтару үшін help.airastana.com сайтындағы Көмек орталығына хабарласу қажет. Рейс кешіктірілген жағдайда жедел желіге хабарласуға болады: +7 7272 44 44 78", - делінген Air Astana баспасөз қызметінің хабарламасында.

ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде ауа райының қолайсыздығына байланысты (боран, жолдың дұрыс көрінбеуі, көктайғақ) 109 жол учаскесі жабылды. Оның ішінде 41 республикалық, 68 облыстық маңызы бар жолдар.

Жолдардағы төтенше жағдайларды жою бойынша республикалық штаб құрылды. Мұндай штабтар өңірлерде де жұмыс істейді.

Бұдан бөлек блок-бекеттерде 600 көлік жиналып қалған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу