Астана аялдамалары инвесторларға беріледі

Дина Ермаганбетова Дина Ермаганбетова
33641

Бірнеше жылда талап етіліп отырған қызмет түрін көрсететін мыңнан астам кешен салу жоспарланып отыр.

Астана аялдамалары инвесторларға беріледі Фото: tengrinews.kz

Астана қаласы әкімдігінің хабарлауынша, аялдама кешені аумағында қызмет көрсетіп пайда табу инвестицияның орнын толтыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта қала әкімдігі инвесторға жер телімін ұзақ мерзімге жалға беруге дайын. Ал кешенді орнату және оны одан әрі ұстап тұру шығынын кәсіпкер өз мойнына алады.

"Мемлекет тарапынан жер беріледі, сонымен бірге автобус жолын және автобус кіретін жерді тазалауды да мемлекет өз мойнына алады", – дейді "Астана LRT" ЖШС-нің көлік мәселелері жөніндегі директоры Рустам Халилев.

Оның айтуынша, модульды кешендер ашық және жабық аялдама түрінде болады, сонымен бірге ол жерде бөлшек сауда, дәретхана, жарнама құрылғылары орналасады. Адам көп жиналатын кешендерде полиция бекетін орнату да қарастырылып отыр.

Рустам Халилев бұл жобаны инвесторлардың өзі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске асыруға қызығушылық танытқанын айтып өтті. Сонымен бірге ол инвестор жұмыс істеп тұрған бизнесін жеке тұлғаға тек қала әкімшіліктің келісімімен ғана сата алатынын айтты.

Қазіргі уақытта аялдама кешендерінің дизайны мүдделі тұлғалармен талқыланып жатыр. Инвесторға жобаның соңғы нұсқасын әкімдікпен келісу керек болады.

"Біз эскиздерді, гүлдер гаммасын, сыртқы түрін бекітеміз. Техникалық параметрлерін белгілейміз", – дейді Астана қаласының жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов.

Сонымен бірге инвесторларды тарту шешімі Астана әкімдігі бюджетінен жүктемені алу үшін қажет болғандығын да атап өтті. "2017 жылы мемлекет 55 модульді аялдама кешенін орнатуға қаражат бөлген. Биыл осы және тағы 150 аялдама кешенін жеке инвесторлар есебінен орнату жоспарланып отыр", – дейді Бекмырза Игенбердинов.

"Астана LRT" ЖШС мәліметіне сүйенсек, екі жыл ішінде Астанада 1200 модульді кешен орнатылады деп жоспарланып отыр.

"Екі жылда керек жердегі барлық аялдаманы жеке кәсіпкерлер есебінен ауыстыруды жоспарлап отырмыз", – дейді Әсет Исекешев.

Қазіргі уақытта Астанада 27 жабық аялдама бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу