"Астана банкі" АҚ астық өткізгеннен кейін "Азық-түлік корпорациясы" АҚ-дан алынған астық қолхаттары бойынша ауылшаруашылық тауарын өндіруші үш ойыншының есеп-шотына транш жасамай отыр. Бұл туралы abctv.kz-ке "Ақпараттық-есептеу орталығы" (АЕО) АҚ басқарма төрағасы Жанасыл Омаров айтты. АЕО сатып алу шеңберінде "Азық-түлік корпорациясынан" келіп түсетін қаржыны бөлетін оператор қызметін атқарады.
"Астана Банкі" АҚ-ымен арада проблема туындап отыр. Оны Ұлттық банк арқылы шешуге тырысып жатырмыз" деп атап кетті ол abctv.kz-тың сұранысына берген электронды хатта. Бұған жекелеген банктердің мемлекеттік сатып алу шеңберінде ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің пайдасына транзакция жасауды тоқтатқаны туралы "Азық-түлік корпорация" АҚ-тың хабарламасы себеп болды.
Abctv.kz "Астана банкі" АҚ-ның баспасөз қызметіне сауал жолдаған болатын. Материалды дайындау барысында банк тарапынан түсініктеме келіп түскен жоқ.
Еске салар болсақ, 24 сәуір күні "Азық-түлік корпорациясының" баспасөз қызметі "астығын сатқан үш ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші астық сатқаны үшін 90 млн теңгеге жуық төлемді алмағанын, өз тарапынан тиісті қаражатты дер кезінде АЕО шотына жібергенін" хабарлаған еді.
Мемлекеттік корпорация болса бұл мәселе шешіліп жатқанын мәлімдеді. Ал таратылған баспасөз баянынан "Ақпараттық-есептеу орталығы" АҚ кінәратсыз банктерге көшу үшін проблемалық банктермен өзарақатынасты қайта қарауды жоспарлап отырғанын аңғаруға болады.
"Азық-түлік корпорациясы" орын алған жағдайға өкініш білдіріп, аталған мәселені шешу үшін барлық күшті салатынын хабарлап:
"Азық-түлік корпорациясы" ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден астықты тікелей сатып алуды жалғастыра береді. Бұл бағдарлама басталғаннан бері компания шамамен 11 млрд теңгеге 261 мың тоннаға жуық бидай сатып алды", – деп атап кетті.
Бұған дейін, яғни өткен аптаның соңында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар банкті сынға алып, олардың қаржылық көрсеткішін "нашар" деген болатын. Олардың қатарында "Qazaq Banki", "ЭксимБанк" және "Астана Банкі" бар. Ол туралы сөз етілген Ұлттық банктің жұмыс қорытындысы жөніндегі жиынның видеосын осы жерден көруге болады.
Қазақстан Эксимбанкі әзірге жағдайға қатысты еш түсініктеме берген жоқ. Ал Qazaq Banki қиындықтар бар екенін, өтімділіктің кетуі Жомарт Ертаев пен банктің ірі акционері Бақыт Ибрагимовтың кезінде тағайындалған сапасыз менеджменттің жұмысымен байланысты екенін айтты. Сөз арасында, Бақыт Ибрагимов Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың күйеу баласы екенін айта кету керек. Баспасөз баянында айтылғанға қарағанда банк өзін сауықтыруға қатысты шараларды реттеушімен талқылап жатыр. Астана банкі болса клиенттер алдындағы барлық міндеттемелерді орындауға дайын екендігін мәлімдеді. Алайда кеше, 24 сәуір күні, банк Ұлттық банктен өз активтерін кепілге қою арқылы шұғыл қарыз бөлуге көмек сұрады. Банктен кеткен қаражат 18 сәуір күні 17 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ банктің миниоритарлық акционері – "Фридом Финанс" АҚ акцияларының 6,02%-ын өзінің акционері Тимур Турловтың құрылымындағы компанияларға сататынын хабарлады.
Еске сала кетсек, 2017 жылы желтоқсан айының соңында "Азық-түлік корпорациясы" 2 млн тоннаға дейінгі 3 санатты бидайды бір тоннасын 42 мың теңге бағамен сатып алу туралы хабарлаған болатын. Сатып алу астық қолхаттарының ақпараттық жүйесі (интернет-ресурс www.minagro.kz) арқылы жасалады. Бұл интернет-ресурсты АЕО әзірлеген және ұлттық компаниядан сатып алу аясында түсетін қаржылық ақшаны бөлу бойынша қызмет көрсетуші де өзі болып табылады.
"Азық-түлік корпорациясы" Ұлттық компаниясы" АҚ – "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-тың еншілес құрылымы. Компанияның міндеті – отандық агроөнеркәсіптік кешені өнімінің экспорттық әлеуетін дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысу.
Гүлназ Ермағанбетова, Сұлтан Биманов