Astana Banki лицензиясынан айырылды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
9417

Бүгіннен бастап қаржы институты банк саласы мен бағалы қағаздар нарығында қызмет көрсете алмайды.    

Astana Banki лицензиясынан айырылды

Ұлттық банк басқармасының шешімімен бұған дейін "Эксимбанк Қазақстан" мен Qazaq Banki осындай жағдайға тап болған.

Қазір Қазақстан банктерді ірілендіру саясатын жүзеге асырып жатыр.  Мақсатқа жету үшін Ұлттық қорға қол жая беретін "масыл банктер" жойылып, ірі банктер біріктіріле бастады.

Экономист Сапарбай Жобаевтың сөзінше, болашақта елімізде шетел банктері қызмет етеді. Солармен бәсекелесу үшін қазірден бастап қамдану қажет. Оның ойынша, сапасыз көп банктен, сапалы аз банк жақсы. Ал "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заң талабын тиісінше орындамаған банктерді нарықтан ысыру дұрыс бастама. Себебі мұндай банктер өздеріне де, өзгелерге де абырой әпермейді.

Тікелей Astana Banki-нің мәселесіне келетін болсақ, қаржы институты лицензиясынан айырылғанға дейін жеке тұлғалардың 41,2 млрд теңгесін сақтаған. Көрсетілген сома Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қорғауында болған. Заң бойынша алдағы уақытта аталмыш қор  салымшыларға 37 млрд теңге көлемінде өтемақы төлейді.

Қаржы реттеушісінің мәлімдеуінше, өтемақы теңгемен сақталған депозит үшін - 10 млн,  шетел валютасындағы депозит үшін - 5 млн теңге болып бекітілген. Бұл – кепілдіктің ең шекті сомасы.

"Банктік шоттағы қалдық өтелуге тиіс. Банк есептеген сыйақыға кепілдік берілмейді. Егер банктік салым шартында сыйақыны капиталдандыру көзделсе, онда капиталдандырылған сыйақы депозиттің негізгі сомасына қосылады және кепілдік нысаны болады", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Astana Banki АҚ клиенттерінің 0,1%-ы банкте кепілдік берілген сомадан артық ақша ұстаған. Олар Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан кепілдік берілген сома шегінде өтемақы алады. Ал кепілдік берілген сомадан артық ақша өтемақыны тарату комиссиясынан алынады.

Сот Astana Banki АҚ-ны мәжбүрлеп тарату туралы шешім шығарса, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 14 жұмыс күні ішінде отандық банктердің арасынан Astana Banki-нің салымшыларына төлем төлейтін агент-банкті анықтайды. Өз кезегінде агент-банк салымшылардан кепілдік берілген өтемақыны алу туралы өтініш қабылдайды. Осыдан соң 5 жұмыс күні ішінде есеп айырысады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу