Аstana Banki-не қатысты сот шешімі заңды күшіне енген жоқ

5554

Аталмыш қаржы ұйымына қатысты шағымдар 9 қаңтар күні қаралады.  

Аstana Banki-не қатысты сот шешімі заңды күшіне енген жоқ

Ұлттық банк басқармасының 2018 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен банк операцияларын жүргізу құқығынан айырылған Аstana Banki Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 27 желтоқсандағы шешімімен мәжбүрлеп таратылуға тиіс болатын. Алайда сот шешімі орындалған жоқ.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сотқа 6 заңды тұлға және 3 жеке тұлға апелляциялық шағым түсіруіне байланысты сот шешімі заңды күшіне енбеген.

"Алматы қалалық сотының хатында (2018 жылғы 29.12. №7599-18-5-20/11812 хаты) берілген ақпаратқа сәйкес, Аstana Banki АҚ-ға қатысты барлық шағымдарды қарастыру 9 қаңтарға, сағат 10:30 жоспарланып отыр. Қазақстаның депозиттерге кепілдік беру қоры Аstana Banki АҚ салымшыларына ресми ақпаратқа сенуге және азаматтық істің сотта қаралу нəтижелерін күтуге шақырады. Аstana Banki АҚ бойынша істің қаралуы, уақытша әкімшіліктің және ҚДКБҚ жұмысы азаматтық сот ісін жүргізу, банктік және депозиттерге міндетті кепілдік беру саласындағы ҚР заңнамасымен толығымен реттеледі", – деп хабарлады ҚДКБҚ баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, ҚДКБҚ агент-банктің атын жариялауға және Аstana Banki АҚ-ға қатысты сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейінгі 14 жұмыс күнінде салымшыларға кепілдендірілген соманы қайтаруға дайын.

"Аstana Banki АҚ салымшыларына төленетін өтемақы сомасы шамамен 37 млрд теңгені құрайды. Аталмыш банкте ашылған жеке тұлғалар мен  кәсіпкерлердің депозиттік шоттарының 99,9%-ы толық көлемде кепілдендірілген. ҚДКБҚ Аstana Banki АҚ-да ашылған жеке тұлғалар мен  кәсіпкерлердің барлық салымдары, оның ішінде ағымдағы шоттар мен төлем карточкалары бойынша өтемақы төлейді. Мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі күшіне енген күнге дейін банктегі қолданыстағы банктік салым келісімдері бойынша сыйақы есептеле береді. Капиталдандырылған сыйақыға салымдағы қалған сомамен қатар кепілдік беріледі. Аstana Banki  АҚ-ның әр салымшысына өтемақы төлеу кепілдендірілген, себебі өтемақы ҚДКБҚ арнайы резерві есебінен жүзеге асырылады. ҚДКБҚ резервінде таратылған банктердің салымшыларына өтемақы төлеу үшін жинақталған сома 773,7 млрд  теңгені құрайды. Таратылып жатқан банктердің салымшыларына ҚДКБҚ есебінен өтемақы төлеу банк активін сатуға байланысты емес", – деп хабарлады ҚДКБҚ баспасөз қызметі.

Естеріңізге салайық, таратылып жатқан банктің бір салымшысына ҚДКБҚ есебінен төленетін кепілдендірілген  ең жоғары сома ұлттық валютадағы депозит бойынша – 10 млн теңге, шетел валютасындағы депозит бойынша 5 млн теңге. Егер салымшының Аstana Banki АҚ-да теңгемен және шетел валютасымен сақтаған депозиттері болса 15 млн теңгеге дейін кепілдендірілген сома төленеді.

Атап көрсетерлігі, шетел валютасындағы депозиттің кепілдендірілген сомасы 5 млн теңгеден аспайды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу