"Астана банкінің" топ-менеджері Үкіметтің 160 миллион теңгесін ұрлаған

2607

"Астана банкі" басшылығының өкілі ірі көлемдегі алаяқтықтың бірін жүзеге асырған.

"Астана банкінің" топ-менеджері Үкіметтің 160 миллион теңгесін ұрлаған Фото: Мария Матвиенко

Мұны қаржы министрлігінің қаржы мониторингі комитетінің экономикалық тергеу қызметі анықтады.

Құзырлы орган әшкерелегендей, банкир осынша қаржыны басқадан емес, әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" мемлекеттік кәсіпорнының шотынан жымқырған.

Тергеу барысында жасалған ауыр қылмыстың басты ұйымдастырушысы да белгілі болды, ол "Астана банкі" АҚ-ның басқармасы төрағасының орынбасары Е.Ж.Увалеев болып шықты.

Бұл қылмыс 2012 жылдың қазан айында іске асырылыпты, бірақ егжей-тегжейі тек бүгін жарияланып отыр. Тергеу органдары да қылмыс жөнінде жақында білген.

Ерлан Увалеев "Республикалық құқықтық ақпарат орталығының" атынан төлем тапсырмасын қолдан жасап, сол арқылы ұрлаған қаражатты өзіне бағынышты компанияның шотына аударған.

"Аталған қылмысты 6 жыл бойы жасыруға сол банктің тағы бір менеджері А.Х.Жундугулова көмектесіп келген: ол ай сайын "Республикалық құқықтық ақпарат орталығының" бухгалтериясына олардың шоты бойынша көшірмелер бағыттап отырған. Онда үнемі есепшот жағдайы туралы жалған мәліметтер көрсетілген. Осының салдарынан, бұл мемлекеттік кәсіпорынға өзіне қатысты жасалған алаяқтық туралы білуіне мүмкіншілік бермеген", – деп мәлімдеді қаржы мониторингі комитеті.

Тергеу барысында күдіктілер өз кінәләрін мойындап, қылмыстың салдарынан келтірілген залалды толықтай өтеді.

Тергеу кезінде күдікті Е.Ж.Увалеев соттың санкциясымен қамауда ұсталды.

Нұр-Сұлтан қаласының №2 Сарыарқа аудандық сотының үкімімен Е.Ж.Увалеев және А.Х.Жундугулова кінәлі ретінде танылды және қылмыстық жауапқа тартылды. 

Айта кету керек, "Астана банкі" соттың шешімімен 2019 жылғы қаңтар айында ресми түрде жойылған болатын.

2015 жылдың 10 наурызына дейін оның атауы "Астана-финанс" болған.

Тиісінше, Ерлан Жоламанұлы Увалеев 2012 жылдың 27 сәуірінде "Астана-финанс" банкі басқарма төрағасының орынбасары – басқарма мүшесі лауазымына тағайындалды. Сонда бұған ұлттық банктің қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды бақылау және қадағалау комитетінің "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" АҚ-ы, қаржы ұйымдарының басшылық қызметкерлері лауазымына кандидаттардың сәйкестігін анықтау жөніндегі комиссия келісімін бергені хабарланған болатын.

Енді белгілі болып отырғандай, ол жаңа қызметіне келе сала, қылмысқа қолын малған көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу