"Астана" бапкерді кетіріп, шабуылды күшейтті

3409

Ел чемпионы "Астана" командасында өзгерістер орын алып жатыр. 

 "Астана" бапкерді кетіріп, шабуылды күшейтті

Қазақстанның 6 дүркін чемпионы "Астана" клубына байланысты екі жаңалығымыз бар. Бірі Тигран Барсегянның клуб сапына ауысуы. Бұл енді ресми жаңалық. Ал екіншісі, бас бапкер Роман Григорчуктың қызметінен кетуі. Алайда бұл әзірге нақты емес, алып-қашпа әңгіме. Дегенмен Григорчуктың қызметтен кететіні жайлы еліміздегі көптеген баспасөз жазып үлгерді. Клуб басшылығы тағы бір жыл келісімі бар Григорчукке өтемақы төлеуге тиіс. Осы мәселе екі жақты тиімді шешілсе, Украин маманы елордалық ұжыммен қош айтысады. Тіпті қазір оның орнына келетін кандидаттар тізімі де жарияланды. Олардың қатарында Грузия құрамасының бас бапкері Владимир Вайсс, Қазақстан ұлтық құрамасының бас бапкері Михал Билек, ресейлік маман Рашид Рахимовтар бар. Бұл орынға Михал Билек  келуі мүмкін. 

Ал Тигран Барсегянның "Астанаға" ауысуы заңды құбылыс еді. Жазда Армения құрамасының ойыншысы ұлттық құрама матчтан кейін елордаға келіп, қызылордалық "Қайсардың" "Астанаға" қарсы матчына келуін жалғыз өзі күтті. Сол кезде клуб басшыларымен сөйлесіп, келісім жасасқан. Бірақ, ол кездегі келісім тек ауызша ғана еді. Енді міне, Барсегян ресми түрде "Астана" ойыншысы атанды. "Қайсар" сапында 29 ойын өткізіп, 12 гол салып, 4 мәрте нәтижелі пас берген Тигран Барсегян қызылордалық жанкүйерлердің жүрегін жаулаған еді. Оның голдарының арқасында "Қайсар" Қазақстан кубогының иегері атанған. "Астананың" бұл ойыншыға қызығушылығының екінші себебі, ол келер маусымнан бастап ел біріншілігінде легионер болып саналмайды. 

Бір қызығы Тигран Барсегян ойнайтын оң қапталда елордалық командада Марин Томасов өнер көрсетеді. Енді екі қошқардың басын бір қазанға қалай сыйдырар екен? Ол енді жақында келетін су жаңа бапкердің бас ауыртар сұрағы болмақ. Шамасы екеуінің бірі, дәлірек айтқанда Томасов қаптал ауыстыруы мүмкін. Немесе біріншілігіміздің үздік сұрмергені атанған хорватиялық вингер таза шабуылшы қызметіне ауысуы ықтимал. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу