"Астана" баскетбол клубы рекорд жаңартты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2843

Баскетболдан ВТБ Бірыңғай лигасында ойнайтын елорда клубы биыл 14-ші рет жеңіске жетті.

"Астана" баскетбол клубы рекорд жаңартты

"Астана" Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2011 жылдан бері ойнайды. Осы сегіз маусымда ең көбі 13 рет жеңіске жеткен болатын. Дәлірек айтсақ, 2014-2015 жылдар маусымында елорда клубы ВТБ лигасының негізгі чемпионатында 13 ойында қарсыласынан басым түсіп, жанкүйерлерін қуанышқа бөлеген.

Биыл "Астана" ПБК халықаралық лигада көпшілікті таң қалдырып, өрнекті ойын үлгісін көрсетіп жүр. Кеше Ресейдің "Парма" клубын тізе бүктіріп, осы маусымдағы 14-ші жеңісіне қол жеткізді. Бұл – тарихи рекорд! Қазақстан клубы ВТБ лигасында бірінші рет осынша жеңіске қол жеткізіп отыр. Мұны клубы ВТБ Бірыңғай лигасының ресмим сайты да бөле-жара атап өтті.

"Астана" дәл қазір 14 жеңіспен ВТБ лигасының турнир кестесінде алтыншы орынды иеленіп тұр. Жеңілісінен жеңісі артық (14-8). Тіпті төртінші орынға ие бола алатындай мүмкіндігі бар. Елорда клубынан жоғары орналасқан "Локомотив-Кубань" (Краснодар) және "Зенит" (Санкт-Петербург) клубтарының да еншілерінде – 14 жеңістен. Тек олар бір-екі ойын кем өткізген.

"Астана" осы екі командамен сәуір айында кездеседі. Сол ойындарда қайсысының қай орынға ие болатындығы шешіліп қалар. Әрине, турнир кестесінде неғұрлым жоғары орналасқан тиімді. Себебі, үшеуінің де плей-офф додасының бірінші сатысында алғашқы үштіктегі командаға тап болғысы келмейді. Сондықтан 4-5 орындарға ие болу үшін бар күш-жігерлерін салулары керек.

Жалпы, елорда клубына маусымның соңына дейін төрт ойын қалды. Астаналықтар 11 сәуірде Мәскеуде көш басындағы ЦСКА клубымен кездеседі. Одан кейін өз алаңында екі ойын өткізеді. 15 сәуірде "Локомотив-Кубань" (Краснодар) клубын, ал 21 сәуір күні "Енисей" (Красноярск) командасын қабылдайды. Ал сәуірдің 27-сінде Нева жағалауында "Зенит" баскетболшыларымен додаға түседі.

"Астана" ақпан айында азуын айға болмаса да, Еурокубок додаларына білеген УНИКС клубын тізе бүктірген (98:95). Иә, өз алаңында да емес, Казанда жеңіске жеткен. Сондықтан қалған ойындардың тым болмаса, үшеуінде жеңіске жетсе екен деп тілейміз. Бірақ оңай болмайды. Себебі "Локомотив-Кубань" мен "Зенит" еселері кетіп, "тістерін" қайрап жүр.

Бұлай дейтін себебіміз, "Астана" Краснодар клубын түзде тақырға отырғызып кеткен (90:71). Ал петерборлықтарды Сарыарқа төсінде сан соқтырған (93:91). Екеуінің де есе қайтарғысы келетіні айтпаса да түсінікті. Ал "Енисеймен" жағдай басқаша. Елордалықтар Красноярскіде ұтылып қалған. Енді сол жеңілістің қарымын қайтару керек-ақ.

Сөз соңында, биыл "Астана" клубының ойын өрнегін түлетіп, команданы жеңістерге жетелеп жүрген жаттықтырушысы туралы айтпай кету мүмкін емес. Команданың бас бапкері, Македония маманы Эмиль Райкович Қазақ елі клубын, шынымен де, шыңдай түсті. Тактикалық тұрғыда білікті маман екендігін көрсетіп жүр. Қарамағындағы жігіттердің барлық күш-жігерлерін салып, қабілеттерін толықтай паш етулеріне қол жеткізе білді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу