"Астана" баскетболшылары биыл да жартылай финалға шыға алмады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2280

Елорда командасы ВТБ Бірыңғай лигасының ширек финалында Мәскеу облысының "Химки" клубынан үш рет ұтылып қалды.

"Астана" баскетболшылары биыл да жартылай финалға шыға алмады Фото: pbcastana.kz

Негізі, "Астана" биылғы маусымды аса жоғары деңгейде өткізген еді. Бұған дейін жазғанымыздай, ВТБ Бірыңғай лигасының негізгі додасында, яғни жыл сайынғы чемпионатында алғаш рет 6-орынға ие болған. Ал плей-оффтың бірінші сатысында Мәскеу облысының "Химки" клубына тап болып, деңгейі жоғарылау ұжымнан үш рет қатарынан ұтылды.

Алғашқы екі ойын Мәскеу түбінде өтті. "Астана" баскетболшылары қанша тырысса да, алаң иелеріне төтеп бере алмады. Бірінші ойында 59:82, ал екіншісінде 64:94 есебімен ойсырай ұтылды. Үшінші ойын Қазақ елі астанасында өтті. Елорда баскетболшылары қанша талпынса да, азулы қарсыласына шамасы жетпеді. Есеп – 81:88.

Сөйтіп, "Астана" ВТБ Бірыңғай лигасының ширек финалында үшінші рет сүрінді. Биыл да жартылай финалға шыға алмады. Егер чемпионат барысында бір жеңісі артық болғанда, не болмаса соңғы ойында "Зениттен" "–8" ұпай айырмасымен ұтылмағанда, 5-орынға ие болып, плей-оффта деңгейі өзімен шамалас командамен кездесер еді ("Локомотив-Кубань).

Алайда, болар іс болды. Азуын айға білеген "Химки" клубының деңгейі шынымен де жоғары екен. Енді тек келесі маусымға жан-жақты дайындалу керек. Бәлкім, кейбір легионерлерінің орнына басқа баскетболшылар қарастыру керек те шығар. Ең бастысы, бас бапкерінен айырылып қалмаса екен дейміз.

Бұлай дейтін себебіміз, "Астананың" биылғы бас бапкері Эмиль Райкович өзінің білікті маман екендігін көрсете білді. Құрамында ешқандай жұлдызы жоқ Қазақ елі клубын түлетті. Македония маманы қарамағындағы жігіттерді жұдырықтай жұмылдыра білді. Бұл ВТБ Бірыңғай лигасы тарапынан ескерусіз қалған жоқ.

Эмиль Райкович кеше ғана 2018/2019 жылдар маусымындағы ВТБ Бірыңғай лигасының ең үздік жаттықтырушысы болып танылды. Мұндай жүлде аталған лигада алтыншы рет табысталып отыр. "Астана" бапкеріне дейін Римас Куртинайтис ("Химки", 2013/2014 жж), Василий Карасев ("Зенит", 2015/2016 жж) және үш рет Димитрис Итудис (ЦСКА, 2014/2015, 2016/2017 және 2017/2018 жж) теңдессіз болып танылған-ды.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу