"Астана" бірінші орынға шықты, бірақ...

1086

Елордалық команданың бір ойыны көп. Әрі осы матчта қызық оқиға орын алды.

"Астана" бірінші орынға шықты, бірақ...

"Астана" командасының биыл чемпиондар лигасында ойнайтынын жақсы білеміз. Өткен маусымның чемпионы ретінде бұл команда елімізді осы бір байрақты бәсекеде таныстырады. Келесі айда ойындары басталатын, бұл доданың күнтізбесі қым-қуыт. Сондықтан, "Астана" футбол клубының өтінішімен "Мақтаарал" - "Астана" ойыны 10-мамыр күніне ауыстырылды. Шымкентте өткен бұл матчта елордалықтар анық фаворит еді.

19-турдың бұл матчының алдында "Астана" өз алаңында дәл осы "Мақтааралмен" кездескен еді. Онда елордалықтар көрерменнің көзінше 2:0 есебімен басым түсті. Эльхан Астанаов пен Абат Айымбетовтер бір-бірден гол салған болатын. Осы матчта да Абат Айымбетов көзге түсті. Шабуылшы ойынның 33-минутында есеп ашты. Осы гол "Астанаға" маңызды 3 ұпай сыйлады. Ал "Мақтаарал" командасы болса кезекті мәрте жеңіліс тапты. Жалпы, чемпионатта бұл команда бір мәрте ғана жеңіске жеткен. Жуырда бапкер ауыстыратын сыңайлы.

Ұлттық құрама шабуылшысы Абат Айымбетов негізгі құрамда шықпай жүріп те, топырлатып гол салып жатыр. Ол осымен 4 гол салып, сұрмергендер тізімінде көтеріліп келеді. Ұлттық құрама жанкүйерлері бұл оқиғаға әлбетте қуанары түсінікті. Келесі айда Қазақстан құрамасы Сан-Марино мен Солтүстік Ирландияға қарсы ойын өткізеді. Даниямен болған матчта қызыл қағаз алған Абат алғашқы ойынға қатыспайды. Демек, бар күшін Солтүстік Ирландияға салады деген сөз.

Айта кетуіміз керек бүгінгі матчта "Астана" капитаны Абзал Бейсебеков пен қақпашы Йосип Чондрич ерегесіп қалды. Сөз таластырып, бір-біріне жұдырық ала жүгіре жаздады. Жаңадан келген келімсек жас қақпашы осы клуб құрылғалы бері ойнап келе жатқан тәжірибиелі қорғаушыға неге тіс қайрағаны белгісіз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу