"Астана" бірқатар шетелдік шабандоздармен келісім-шартты ұзартты

1338

Қазақстандық-канадалық "Астана - Premier Tech" командасы жеті шабандозбен келісім-шарттың ұзартылғандығын хабарлады.

"Астана" бірқатар шетелдік шабандоздармен келісім-шартты ұзартты

Мануэле Боаро, Давиде Мартинелли, Йонас Грегаард Вилсли, Родриго Контрерас, Йон Исагирре, Горка Исагирре және Луис Леон Санчестер 2021-жылғы маусымда команда сапында өнер көрсетулерін одан әрі жалғастырады. Осыған байланысты аталған шабандоздар биылғы маусым жайлы және алға қойған мақсаттарымен бөлісті.

Йон Исагирре, "Испания Вуэльтасы - 2020" веложарысының кезеңінің жеңімпазы:

- Мен ініммен бірге команда сапына 2019-жылы қосылдым. Бұл екі жыл керемет өтті. Сондықтан тағы бір маусымға жаңа келісім-шартқа отырғаныма қуаныштымын. Биыл қиын-қыстау кезең болды. "Тур де Франстан" кету маған ауыр соққы болды. Бірақ "Испания Вуэльтасының" кезеңіндегі жеңіс осы қарбалас маусымды әдемі аяқтады. Командада ағаммен бірге болғаныма қуаныштымын және жаңа 2021-жылды асыға күтемін. Әдеттегідей, алдыма үлкен мақсаттар мен жоспарлар құрдым. Маусымның басынан бастап бабымды жақсы деңгейге жеткізуді жоспарлап отырмын.

Луис Леон Санчес, топтық жарыс бойынша биылғы Испания чемпионы:

- Өзімді тамаша сезінетін командамен арадағы келісім-шартты жаңартқаныма қуаныштымын. Бұл расымен де өзіндік отбасылық атмосферасы бар керемет кәсіби команда. Өзімнің командадағы рөлімді білемін. Бірақ сонымен бірге мен әрқашан өзімді көрсете аламын. Мұнда 2015-жылы келдім және бірнеше маусымды командада өткіздім. Әлі де болса жоғары деңгейдегі мақсатым мен жігерімді жоғалтқан жоқпын. Өз тәжірибеммен жас шабандоздарға көмек көрсете аламын деп ойлаймын. Бірақ  біздің көшбасшыларымызға Гранд-Турда барынша жоғарғы нәтижелерге қол жеткізуге көмектесуге дайынмын. Қиынға соққан 2020-жылғы маусымынан кейін біз 2021- жылы бұрынғыдай бірқалыпты велосипед маусымын өткіземіз деп үміттенемін.

Горка Исагирре, 2021-жылға арналған жаңа келісім-шарт жайлы;

- Мен командада тағы бір маусымға ағаммен бірге қалатыныма қуаныштымын. 2020-жыл бәрімізге белгілі, бұрынғыдан басқаша өтті. Бұл өте қиын. Бірақ осыған қарамастан біздің демеушілеріміз үлкен қолдау көрсетті. Жарыс режиміне қайта оралып, командамен бірге қайта жарыс жолына шыққым келеді. Менің ойымша, бізде өте мықты шабандоздар бар. Біздің команданың қолынан көп нәрсе келеді деп ойлаймын. Менің 2021-жылға арналған бірнеше жеке мақсаттарым бар және сол мақсаттарыма жете аламын деп ойлаймын.

Алғашқы маусымды "Астана - Premier Tech" командасында өткізген Давиде Мартинелли:

- COVID-19 пандемиясының кесірінен осындай  қиын маусымнан соң біз 2021-жылды еш қиындықсыз өткізе аламыз деп үміттенемін. Осы командада өнер көрсетуді одан әрі жалғастыруға мүмкіндік алдым және сол үшін қуаныштымын. Әсіресе көктемгі классикалық жарыстарда өзімді көрсеткім келеді. Маусымды жақсы бабымда бастау үшін мен дайындықты қазірден бастап кеттім. Маған сенім артқандары үшін командаға және оның басшылығына алғыс айтқым келеді. Сенімді ақтау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға тырысамын.

Команда сапында алғаш рет спорттық мансабын бастаған Йонас Грегаард Вилсли:

- Өзімді үлкен отбасымдағыдай сезінетін ұжыммен келісім-шарттың жаңартылғанына қуаныштымын. Соңғы айларда алға үлкен қадам жасағанымды сеземін. Сондықтан алдағы маусым мен үшін де, команда үшін де сәтті болатынына сенімдімін. Өте жоғары кәсіби деңгейде жұмыс істейтін және жыл бойы қолдау көрсетіп отырған бұл жоба маған өте ұнайды. Тағы бір маусымда команданың жейдесінде жарыс жолына шығуды асыға күтемін.

2021-жылға арналған жаңа келісімге қол қойған Мануэле Боаро:

- Командада тағы бір жыл қалғаныма қуаныштымын. Мұнда өзімді өте жақсы сезінемін және келісім-шартты тағы бір маусымға ұзартып, маған сенім артқандарына қуаныштымын. Биылғы жыл бәріне қиын болды. Бірақ, бұған қарамастан біз маусымды жақсы өткізіп, тамаша нәтижелерге қол жеткіздік деп ойлаймын. 2021-жыл одан да жақсы болады деп ойлаймын. Шағын үзілістен кейін маусымға дайындықты бастауды жоспарлап отырмын. Мен алдағы уақытта өзіме қазақстандық-канадалық командамен бірге қол жеткізгім келетін бірқатар жеке мақсаттар қойдым.

Родриго Контрерас, командада тағы бір маусымға қалады:

- Қиындықтарға қарамастан, биылғы жыл мен үшін жақсы өтті. Әсіресе мен алғаш рет Гранд-Турды соңына дейін жүріп өттім. Енді тағы бір маусымға командада қалғаныма қуаныштымын. Маған командадағы атмосфера, жұмыс стилі және айналамдағы адамдар өте қатты ұнайды. Қазіргі уақытта мен Колумбиядамын. Маусым басталып, Еуропаға оралғанға дейін біртіндеп бабыма қайта келемін.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу