"Астана" Чемпиондар лигасынан шығып қалды

2566

Қазақстан атынан Чемпиондар лигасына қатысқан "Астана" командасы жарысты алғашқы айналымнан аяқтады.

"Астана" Чемпиондар лигасынан шығып қалды

Румынияның Клуж-Напока қаласында өткен ЧФР – "Астана" арасындағы матчта отандық командамыз 3:1 есебімен жеңіліп қалды. Ойынның небәрі 4-минутында Роман Мұртазаев есеп ашып, ел чемпионы алға шықты. Жақсы басталған матч одан әрі күрделі өзгеріске ұшырады. Білел Омрани 10-минутта таразы басын теңестірді. Ал 26-минутта осы шабуылшының соққысы Евгений Постниковтың аяғына тиіп кетіп, қақпаға енді. Бірінші тайм 2:1 есебімен аяқталып, алаң иелері тағы бір гол соғуды мақсат тұтты. Себебі, осы есептің өзінде де елордалықтар жарыстың келесі айналымына шығып тұрған еді. Апта бұрынғы матчта Қазақстан чемпионы 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Алайда, Роман Григорчук шәкірттері 73-минутта тағы бір гол жіберіп алып, жағдайын қиындатып алды. Шабуылшы Білел Омрани қазақ командасының қорғанысын қапыда қалдырды. Жалпы есеп 3:2 болып өзгеріп, келесі кезеңге өту құқығына Румыния елінің чемпионы ие болды. Дан Петреску баптайтын ЧФР соңғы минуттарға дейін қорғанысқа мықтап бекініп, қақпасын голдан аман сақтады. Енді "Астана" командасы Еуропа лигасы жарысына қатысады. Бұл жарыста еліміздің намысын қазір "Ордабасы", "Тобыл", "Қайрат" секілді үш командамыз қорғап жатыр. Енді олардың қатары төртеу болмақ. Айта кетуіміз керек, Еуропа лигасының екінші айналымында "Астана" Андорраның "Санта-Колома" деген командасына қарсылас атанды.  

ЧФР Клуж (Румыния) – "Астана" (Қазақстан) - 3:1 (жалпы есеп - 3:2)

Голдар: Білел Омрани 10, 73, Евгений Постников 26 (автогол) - Роман Мұртазаев 4

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу