"Астана" "Джиро д'Италияға" қатысатын шабандоздар тізімін жариялады

1707

"Джироның" басты фавориттері арасында Astana Qazaqstan Team шабандоздары Винченцо Нибали мен Мигель Анхель Лопес бар.

"Астана" "Джиро д'Италияға" қатысатын шабандоздар тізімін жариялады

105-ші мәрте ұйымдастырылып жатқан "Джиро д'Италия" велододасы 6-29 мамыр аралығында өтеді. Будапешттен басталатын жарыс, Веронада мәресіне жетпек. Дәстүр бойынша италиялық Гранд Тур "Джироның" бұрынғы чемпионы, Токио-2020 Олимпиадасының топтық жарыс бойынша чемпионы Ричард Карапас және өткен жылғы "Джиро" жүлдегері Саймон Йейтс бастаған көптеген мықты шабандоздардың басын қосады.

Велододаның алғашқы үш кезеңі Венгрияда өтеді. 7 мамырда жекелей уақытқа арналған жарыс жоспарланған. Бірінші аптаның маңызды кезеңі Этна жанартауында аяқталатын төртінші кезең болмақ. Қатысушыларды ұзақтығы 22,9 шақырым болатын, градиенті 5,9 пайыздық асу жолы күтіп тұр. Ал бас классификация үшін әйгілі Блокхаус асуында өтетін тоғызыншы кезең (13,6 шақырым, градиенті 8,4 пайыз) одан да маңызды болатыны сөзсіз.

Салыстырмалы түрде алғанда екінші апта бірқалыпты өтеді деп күтілуде. Сенбі-жексенбі күндері, әсіресе Ривароло Канавезеден Конь қаласына дейін өтетін 15-ші кезеңде қызғылт жейде үшін күрес болады. Сондай-ақ 16, 17, 19 және 20 кезеңдер "бас классификация" үшін шайқас алаңы болмақ.

"Джироның" былтырғы чемпионы Эган Берналь биыл жарысқа келмейді. Бірақ қатысушылардың арасында өткен жылдардың бірден үш чемпионы бар. Дегенмен Том Дюмулин мен Винченцо Нибали 2019-жылғы Гранд турдың жеңімпазы Карапаспен салыстырғанда бұрынғыдай бабында емес. 2019 жылы Ричард Карапас осы жарыстың екі дүркін чемпионы Нибалиден бір минут 5 секундқа алға озып кеткен болатын. Өткен маусымда Ричард топтық жарыста Олимпиада алтынын және Швейцария турында да алтын жүлде жеңіп алды. Сонымен қатар "Тур де Франста" үздік үштік қатарына ілікті. Ал биылғы маусымда ол Эквадор чемпионатында жекелей уақытқа арналған жарыста жеңіске жетсе, "Каталония Вуэльтасында" екінші орын иеленді.

Биыл Гранд Турға қатысатындар арасында Саймон Йейтс те бар. Ол наурыз айында өткен "Париж-Ниццада" өзінің мықты екенін тағы бір дәлелдеді. Онда Саймон жалпы есепте екінші орын алды. Сонымен қатар ол Гранд Турларда қалай жеңіске жетуге болатынын жақсы біледі. Йейтс 2018 жылы "Испания Вуэльтасында" үздік нәтиже көрсетті.

42 жастағы Алехандро Вальверденің велоспорттағы соңғы маусымындағы өнерін тамашалау да жанкүйерлер үшін өте қызықты болады деп ойлаймын. Испаниялық шабандоз сәуір айында өткен классикалық жарыстарда бабының тамаша екенін көрсетті.

Қызғылт жейдеге үміткерлер немесе кем дегенде үздік үштік қатарына ілігетін шабандоздар тізіміне Микель Ланда, Мигель Анхель Лопес және Роман Барде кіреді. Ал Вилко Келдерман, Эстебан Чавес, Джей Хиндли, Пельо Бильбао, Джоао Альмейда, Павел Сиваков, Хью Карти және Гийом Мартан да бұл жарыста осал қарсыластар емес.

Биыл елордалық Astana Qazaqstan Team командасы да италиялық Гранд Турға қатысады.

Команда құрамы: Мигель Анхель Лопес (Колумбия), Винченцо Нибали (Италия), Давид Де Ла Крус (Испания), Джо Домбровски (США), Вадим Пронский (Қазақстан), Фабио Феллине (Италия), Харольд Техада (Колумбия), Валерио Конти (Италия).

Спорт директорлары: Александр Шефер (Қазақстан), Джузеппе Мартинелли (Италия), Стефано Занини (Италия), Марио Манцони (Италия).

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу