Ақпан айында Қазақстан мен Австрия мемлекетінің арасындағы саяси-экономикалық және достық қарым-қатынастың орнағанына 26 жыл толады екен. Abctv порталымен әңгімелескен Австрияның Қазақстандағы елшігінің консулы Зиглинде Шпанланг Қазақстан-Австрия қарым-қатынасының қазіргі жай-күйін, Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесінің екі елдің экономикалық байланысына қалай әсер еткенін айтып берді.
- Консул ханым, жалпы Австрия елі үшін Қазақстан қандай орынға ие?
- 25 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан мен Австрия арасындағы ынтымықатастық туралы дипломатиялық келісімге қол қойылған болатын. Дәлірек айтсам, 1991 жылы 19 ақпанда екі ел арасындағы ең алғашқы ресми құжатқа қол қойылған еді. Кеңес үкіметі ыдырыған кезде Қазақстан тәуелсіздігін алып, алыс-жақын шетелдермен дипломатиялық байланыс орната бастады. Австрия соңғы 25 жыл бойы Қазақстанның қарқынды дамуына куә болып келеді. Әсіресе Астананың көз алдымыздағы құрылысы бізді қатты таңғалдырып отыр. Австрия билігі Қазақстан үкіметінің саяси-экономикалық сипаттағы амбициялық жоспараларын үнемі қолдап отырады. Екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың бір ғана сипатына тоқталсам, 2015 жылы Австрияның Қазақстанға экспорты 220,5 млн еуроға, ал Қазақстанның Австрияға шығарған импорты 865,2 млн еуроға жетті.
- Австрияның Қазақстанға бір жылда құятын инвестиция мөлшері белгілі ме?
- Инвестиция мөлшері әр жылда әртүрлі болады. Қазір мен нақты мәліметтерді айта алмаймын, бұл цифрлар 2016 жылды түгел қорытындылаған кезде белгілі болады. Ал жалпы, өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда Австрияның ірі мұнай компаниясы бар. Компания Қазақстанның батысында, Ақтау қаласында жұмыс істейді. Бұл біздің ірі мұнай кəсіпорнымыз. Жəне де Алматының тау-шаңғы ауданында Австрия компаниясы инфрақұрылым жүргізгенін айта кетейін. Яғни тау-шаңғы ауданындағы арқанжолды австриялық компания жасаған.
- Бірер күн бұрын "Астана EXPO-2017" ұлттық компаниясы Австрия мемлекетіне халықаралық көрмедегі павильонын ресми түрде тапсырды. Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары павильон өте ерекше болатынын жазып жатыр. Яғни Австрия көрменің тақырыбына сай, павильон қуатпен ғана, соның ішінде адам қуатымен ғана жұмыс істейтіні айтылды. Павильон авторлары Еуропаға танымал қазылар алқасының таңдауынан өткенін білдік. Павильонға осыншама көңіл бөлгендеріңізге қарағанда, Австрия біздің елде өтетін EXPO-2017 көрмесінің тақырыбына қатты қызыққаны ғой?
- Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесінің өзі де, тақырыбы да Австрия тарабын қатты қызықтырды. Біріншіден, Австрия мемлекеті 2017 жылы Қазақстан астанасында өтетін EXPO-2017 көрмесінің тақырыбымен жақсы таныс және "Болашақ энергиясын" жақтайды. Қандай ел болмасын, болашаққа қандай қуат, қандай ел қалдырады, соны ойлау керек. Бәріміздің ортақ мақсатымыз – балаларымызға, немерелерімізге таза табиғатты мұра етіп қалдыру.
Екіншіден, 2017 жылы Австрия Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеді (Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төрағалық еткен болатын, 2010 жылдың желтоқсанында Астанада ЕҚЫҰ саммиті өткен болатын – abctv). Австрия осы төрағалығын қоршаған ортаны қорғау, экология, табиғаттың тазалығы сияқты мәселелеріне. Астана EXPO-2017 көрмесіне қатыса отырып, шілде айында Астанада ЕҚЫҰ конференциясын өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Себебі Астана Экспо көрмесінің тақырыбы таза энергияға, болашақтың энергиясына арналған.
Үшіншіден, Австрия мемлекеті Астана EXPO-2017 көрмесінің құрылысына тікелей қатысқан мемлекет. Өздеріңіз көріп жүрген EXPO-2017 көрмесінің бас ғимараты – үлкен шардың сыртын қаптау үшін Австрия Қазақстанға арнап баламасы жоқ 380 күн панелін әзірледі. Шар сол күн панелімен қапталған. Сондай-ақ австриялық компаниялар су құбырларын тарту жұмыстарына да араласты.
- Бұл, әрине, тың жаңалық екен. Ал жалпы Австрияның халқы Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесі туралы біле ме?
- Тағы бір қызық мәлімет айта кетейін, былтыр Қазақстанға Австриядан келген турист саны артты. Былтыр жазда Австриядан Алматыға келген қонақ көп болған. Туристердің көбі іссапармен емес, Қазақстанның көрікті жерлерін көруге келгенін анықтадық. Олар Ұлы Жібек жолының бойындағы қалалармен танысуға келген екен. Енді EXPO-2017 көрмесіне орай да туризм саласының əлеуеті арта түседі деген ойдамын.
- Қазіргі заманның басты тақырыбы – халықаралық білім мәселесіне тоқталып өтсеңіз. Қазақстаннан Австрияға білім алуға қанша азамат барады?
- Австрияның Қазақстандағы елшілігі жыл сайын орташа есеппен бес мың адамға виза ашады. Бұл визамен Венгрия, Словения, Бельгия, Люксембург, Нидерланды жəне Португалия елдеріне де бара алады. Сондықтан студенттерге арналған бағдарламалар бар. Бірақ айта кетейін, Австрия неміс тілінде сөйлейтін ел. Яғни студент неміс тілін білуі керек. Сондықтан алдын ала неміс тілін үйреніп алғаны абзал. Неміс тілін білмеген студентке оқу қиынға соғады. Студенттердің көбі ағылшын тілінде білім беретін университетті іздейді. Австрияда əрине ондай университет бар, бірақ аз. Бəлкім, Австрия жастар үшін Британия мен АҚШ сияқты тартымды емес шығар, бірақ неміс тілін білетін қазақ студенттерінің барын білеміз.
- Сұхбатыңызға көп рақмет!