"Астана" еурокубоктік рейтингке ұпай салды

1521

​Еуропа Конференция лигасы жарысының екінші іріктеу кезеңінде "Астана" жеңіске жетті. Бірақ, елордалық ұжым келесі кезеңге өте ала ма? Мәселе сонда.

"Астана" еурокубоктік рейтингке ұпай салды

Кездесу бастала салысымен қос команда қарқынды шабуылға кірісе кетті деу артық болар, алайда аракідік алыстан соққылар бағыттап, бір-бірінің адымын бағып көрді. 25 минутта Тигран Барсегян ала ішіне доппен еніп, әріптесі Марин Томасовқа пас қалдырды. Елордалық клубтың сұрмергені бірден соққы жасап, есеп ашты. Бірінші таймда "Арис" командасы таразы басын теңестіретін мүмкіндік қарастыра алмай, жасанды алаңға үйренісе алмай, өзін ыңғайсыз сезінді. Әйтпесе, бұл команда неше түрлі комбинациялар ұйымдастырып, қарсылас қорғанысының басын айналдыратынын өткен ойындарынан көргенбіз.

Екінші таймда "Астана" сол жасанды алаңды молынан пайдаланып тағы бір гол салды. Абзал Бейсебеков алыстан әуелетіп пас асырып еді, Марин Томасов тағы да гол салды. Бұл жолы хорватиялық легионер баспен соққы жасады. Осыдан кейін Грекия елінен келген команда қосалқы құрамда отырған жұлдыз ойыншыларын шығара бастады. Олардың ішінде "Вердер" және "Галатасарай" командаларында доп тепкен Изет Хайрович те бар. Босния құрамасының шабуылшысы "Ариске" жаңадан ауысып келгеннен соң негізгі құрамдағы орынды әлі ала қоймаған. Шамасы бабына да келіп үлгермеген сыңайлы. Десе де, грекиялықтар шабуыл жасап, "Астана" қорғаушысы Лука Шимунович ойын тәртібін бұзды. Сары қағаз. Төреші көрсеткен бұл ескерту бұл футболшы үшін осы матчтағы екінші болатын. Сондықтан да, ол қызыл қағаз алып алаңнан қуылды. Бір футболшыға кем қалғандықтан Қазақстан намысын қорғаған команда негізінен қорғанысқа көңіл бөлді. Уақытты барынша созып, айып доптарын жасап, тіпті керек кезінде фол істеп, ойын тәртібін жиі бұза берді.

"Астана" бапкері алаңға Марк Гурманды, сосын шаршаған Исламбек Қуаттың орнына Жарко Томашевичтерді кіргізді. Андрей Тихонов шабуыл шебінде ойнаған Педру Эуженионы да алып тастады. Себебі, португалиялық вингер өткір шабуылға мықты болғанымен, қорғанысқа мүлде икемі жоқ еді. Сонымен, ойын аяқталып, елордалық ұжым 2:0 есебімен жеңіске жетті. Енді 29 шілде күні "Астана" сырт алаңда ойнап, "Ариске" 2 доп айырмасымен жеңіліп қалмаса болды. Матч Грекияның Солоники қаласында өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу