"Астана" Фабио Феллинемен келісімшартқа қол қойды

2235

Италиялық велошабандоз Фабио Феллине алдағы екі маусымда (2020 және 2021) "Астана" командасында өнер көрсетеді деп хабарлайды Pro Team Astana баспасөз қызметі. 

"Астана" Фабио Феллинемен келісімшартқа қол қойды

– "Астана" командасына ауысқаныма қуаныштымын. Себебі, менің ойымша, "Астана" – әлемдегі ең мықты командалардың бірі. Команданың бір мүшесі болатыныма қуаныштымын. Мұнда қазіргіден де жақсы нәтижелерге қол жеткізе алатынымды дәлелдеуге мүмкіндігім бар. Мен жеңіске қалай жету керек екенін білетін шабандоздардың қатарынанмын. Спорттық мансабым барысында жарыстарда жеңіске жеттім. Екі маусымда кейде жолым болмай немесе барлығы мен ойлағандай болмай жатқанда, бір нәрсені өзгертудің уақыты келгенін түсіндім. Жеңімпаздың жолына қайта орала алатындай, қанында жеңістің рухы бар командаға ауысуым қажет деп ойладым. Соның барлығын "Астанадан" таптым. Командаға қажет болып жатса, көшбасшылардың көмекшісі болуға дайынмын. Бірақ өзімді көрсете алатын жарыстарда жеңіс үшін таласуға сақадай саймын, – деді  Фабио Феллине.

Фабио Феллине (29 жаста) алты мауысымын Trek – Segafredo командасында өткізгеннен кейін, енді "Астана" сапына келеді. Феллине – өте мықты әмбебап шабандоз. Ол уақытқа арналған жарыстарда да, сонымен қатар асулары көп, таулы аймақта өтетін жарыстарда да жақсы өнер көрсетеді. Оның жеткен жетістіктерін атап өтетін болсақ, 2015 жылы "Фурмье Гран-приінде" жеңіске жеткен. 2016 жылы "Испания Вуэльтасында" жасыл жейдеге ие болды. 2017 жылы "Трофео Лайгуэлья" жарысында да жетістікке жеткен болатын. Сонымен қатар 2015 жылы "Баск елдері турынның" кезеңдерінің бірінде жеңіске жетті, "Польша турының" жалпы есебі бойынша 2-орын иеленді. 2017 жылы "Романдия Турының" кезеңдерінің бірінде жеңіске жетіп, бас классификация бойынша 4-орынға ие болған.  

2019 жылы Феллине  "Этуаль де Бессеж" велобәйгесінде 9-нәтиже көрсетті, Италия чемпионатында жекелей жарыста 7-орынға ие болды, "Тур де Франстың" кезеңдерінің бірінде 5-орынға ие болды. "Бинк Банк Турының" қорытынды классификациясы бойынша 11-нәтиже көрсетті.

– Ең алдымен Фабио Феллинені мықты шабандоз ретінде білеміз. Командамызды нығайта түседі деп ойлаймын. Біз командалық жарысты жақсарту үшін жұмыс жасап жатырмыз. Феллине командамыздың күшін одан әрі арттыратын шабандоз деп ойлаймыз. Одан бөлек, Феллине асулары көп аймақты бағындыратын мықты шабандоз. Оны классикалық жарыстардан көргім келеді. Себебі сол жарыс түрінен күшімізді одан әрі нығайту керек. Фабио Феллине бізге ұзақ уақыт бойы бір командада жұмыс атқарғаннан кейін келейін деп жатыр. Оның өміріндегі бұл өзгерістер оған басқа қырларынан танылып, жарыстарда тағы да жұлдыздай жарқырауға жол ашады деп ойлаймын, – деді Александр Винокуров.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу