Astana Finance Days:Шағын бизнестің цифрлық нарыққа шығуын ынталандыру қажет

9811

Қазақстанда шағын және орта бизнестің дамуына өріс жеткілікті. 

Astana Finance Days:Шағын бизнестің цифрлық нарыққа шығуын ынталандыру қажет

Биылғы Astana Finance Days қаржы конференциясы онлайн режимде өтуде. Astana халықаралық қаржы орталығының ұйымдастыруымен 29 маусым мен 3 шілде аралығында өтетін шараның алғашқы панельдік отырысы исламдық қаржыландырудың Орталық Азиядағы келешегіне арналды.

Бейнеконференцияны жүргізген қаржыгер Зияд Мұхамед Қазақстандағы шағын және орта бизнестің жалпы ахуалына қысқаша тоқталды.

"Қазақстанда әр мың адамға 12-20 ШОБ нысанынан келеді. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 30-дан асады. Яғни өсуге кеңістік жеткілікті. ШОБ-тың елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 30 %-ға тең. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50 %", – деді маман. 

Ал Исламдық қаржыландыру бойынша халықаралық білім беру орталығының (INCEIF) Президенті және бас директоры Мохд Азми Омар Қазақстанға экономиканы әртараптандыруда Малайзияның моделін зерттеу қызықты болар еді деген ұсыныс айтты.

"Малайзия – экономикасы барынша әртараптанған ел. Мұнай бізде де бар. Бірақ оның ЖІӨ-дегі үлесі елеусіз. Бізде қаржы, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласының үлесі жоғары. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік – экономиканың дербес бөлігі. Елде шамамен бір миллиондай ШОБ нысаны болса, соның 20 мыңдайы әлеуметтік кәсіпкерлік нысаны. Табыстары аса жоғары деп айтуға келмейді. Өйткені олардың негізгі міндеті түрлі топтарға қолдау көрсету. Білім беру саласында әлеуметтік кәсіпкерлер көп. Олардың жұмысы аборигендер мен ауылдағы халықтың сауатын арттыруға бағытталған", – дей келе малайзиялық профессор пандемия кезінде саудасы бәсеңдеп қалған шағын бизнес өкілдерін цифрлық нарыққа шығару керек деген ой айтты.

"ШОБ пандемиядан өте ауыр зардап шекті.  Әлі де ықпалы азаймай тұр. Малайзия пандемия кезінде бизнеске көмек көрсету үшін 3 түрлі топты бөліп алды. Олар – өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, орта бизнес нысандары және трансұлттық кәсіпорындар.  Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар карантин кезінде бір ай ғана жинаған ақшасымен күн көре алатыны белгілі болды.  Орта кәсіпкерлік нысандары 2 ай ғана жинаған ақшамен күн көре алады. Бұл мерзім біткенде екі топ та кедейліктің шегіне құлдырап кетеді. Бұл екі топты нарықта қалдыру үшін цифрлық нарыққа шығуын қамтамасыз ету керек. Ал сауданы цифрландыру олар үшін қымбатқа түсуі мүмкін. Өйткені мұндай қызмет арзан тұрмайды. Малайзияда оларға банктер көмек көрсетіп жатыр. Мысалы, Орталық банк цифрлық нарыққа көшкен кәсіпорындарға түрлі-түрлі ынталандыру шараларын ұсынып отыр. Осының арқасында ШОБ өкілдері өз өнімі мен қызметін маманданған компаниялар арқылы сатуға мүмкіндік алды.  Оңтүстік Шығыс Азияда Малайзия цифрлы әмияндар үлесі бойынша бірінші орында. Пандемия әсерінен қолма-қол төлем 64 % азайыпты", – деді ол.

Конференцияға қатысушылар Қазақстандағы ШОБ цифрлық нарыққа сәтті көшуі үшін сапалы интернет қолжетімді болу керек деп түйіндеді. Ал ол үшін мәжбүрлейтін заң шығару орынсыз болмақ. Өйткені елімізде  жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылмаған елдімекендер жеткілікті.

"Қазір бүкіл салада цифрлық нарыққа ену үшін талас жүріп жатыр. Сондықтан  Малайзияда Орталық банк шағын және орта бизнеске түрлі өнімдер ұсынып отыр. Цифрлық қаржыландырумен айналысатын стартап жобалар бар. Карантин кезінде адамдар үйден шыға алмады. Қажетті заттарды алу үшін үйдің маңындағы дүкендерге баратын болды. Ондай дүкендер көбінесе ескі тәсілмен, қолма-қол төлем арқылы жұмыс істейді. Осыны пайдаланып, кейір дүкендер WhatsApp арқылы сауда алаңын ашты. Тауарды, жеткізіп беру қызметін сол WhatsApp арқылы жарнамалауға мүмкіндік алды. Оның өзі өте арзанға түсті. Орта бизнес нысандарының кейбірі өз акцияларын биржаға шығарды. Осы екі мысалды кеңес ретінде атауға болады. Astana халықаралық қаржы орталығының базасында "Зекет" қорларын ұйымдастырып сол арқылы да микробизнеске қолдау жасауға болады", –  деді Мохд Азми Омар.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу