Astana Finance Days жәрмеңкесі 1800 адамға жұмыс тауып берді

7160

10 мың адамдық кадрлар резерві жасақталды. 

Astana Finance Days жәрмеңкесі 1800 адамға жұмыс тауып берді

Astana Finance Days халықаралық қаржы конференциясының аясында бос орындар жәрмеңкесі өтті. Astana халықаралық қаржы орталығының базасындағы 1800-ден астам жұмыс орнын осы жәрмеңкеге қатысушылар иеленді. 

Шараға түрлі санаттың мамандары қатысты. Жұмыс іздеушілер өз білімі мен білігін паш етуге тырысса, жалдаушы компаниялар кәсіби өсу мүмкіндіктері туралы кеңінен айтып, сапалы жұмыс істеу үшін қандай жағдай жасалатанын көрсетті. Әсіресе қаржылық тренерлер мен мансап жөніндегі кеңесшілерге сұраныс жоғары болды.

Осылайша Astana халықаралық қаржы орталығының үздіксіз кәсіби даму бюросы мен  "Talantiz" ЖШС дайындаған онлайн-палтформада халықаралық тәжірибелер мен жергілікті мамандардың білімі тоғысты. 

Жұмыс іздеп, маман тартудан қол босай қалған сәтте жәрмеңке қонақтары танымал сарапшылар өткізген панельдік сессияларға қатысып, қаржы, экономика тақырыбында құнды мәліметтерге қанықты. Сарапшылар білім беру және персоналды басқару саласындағы әлемдік тенденциялар турасында сөз қозғап, жеке тәжірибелерін ортаға тастады.

Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Coursera платформаларын сату бөлімінің басшысы Бибин Шивас та осындай сессиялардың бірінде тың ойларымен тыңдарманын баурап, Қазақстанда бастау алған кейбір  жобаларға әлемдік тенденциялар тұрғысынан баға беріп көрді. 

Пандемияның интернет арқылы оқытуға тигізген әсері, қашықтықтан жұмыс форматына көшудің қатері мен артықшылықтары, Батыс пен Шығыстағы ең танымал онлайн курстар да Бибин Шивастың сөзіне арқау болды.

Ал BTS Education компаниясының бас директоры Саясат Нұрбек шараға қатысушылардың назарына "Қазақстанның жаңа кәсіптері мен құзыреттіліктерінің атласы" жобасын таныстырды. Оның персоналды басқарудағы жаңа технологиялар мен тәжірибелер туралы, қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер туралы айтқан мәліметтері мазмұнды шықты. Сарапшы саладағы проблемаларды тізіп қана шықпай, оны шешудің жолдарын да ұсынуға тырысты.

Қазақстандағы жаһандық өзгерістер дәуірінде экономиканың әртүрлі салалары үшін білікті кадрларды іздеу және тарту мәселесі ерекше өткір тұрғаны белгілі. АХҚО үздіксіз кәсіби даму бюросы жәрмеңкені осы бағытта ұйымдастырып отыр.

"АХҚО бюросының рөлі – халықаралық біліктілік стандарттарына сәйкес келетін және жұмысқа орналасуға дайын 50 мың маманнан тұратын кадр резервін құру. Бүгінгі таңда АХҚО кадрлар резервіне шамамен 10000 кандидат кіріп, пулға алынды. Мансап орталығы жоғары білікті мамандарды АХҚО-мен қатысы бар органдар мен компанияларға ғана емес, Қазақстанның басқа да компанияларына жұмысқа орналастыруға белсенді қатысады", – деді бюроның мансап орталығының басшысы Махаббат Өскенбаева.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу